Қазақстандық студенттер АХҚО Сотындағы сот процесіне қатысты

23 Қазан 2024, 13:41
263
Бөлісу:
Қазақстандық студенттер АХҚО Сотындағы сот процесіне қатысты
PHOTO
Фото: АХҚО Соты

Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Сотында жыл сайынғы «AIFC Court Moot» студенттік сот процесі байқауы өтті. Байқауда АХҚО Сотының аға судьялары төрелік етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«AIFC Court Moot» – студенттер арасында өтетін сот процесінің үлгісіндегі байқау. Бұл ағылшынның жалпы құқық дәстүріне негізделген. Іс-шара Қазақстан мен Еуразия өңірінің дарынды студент-заңгерлерін жинап, олардың АХҚО Соты судьяларының алдында өз білімдері мен дағдыларын көрсетуіне мүмкіндік береді.

Қазақстандық студенттер АХҚО Сотындағы сот процесіне қатысты

Сот процесінің симуляциясы барысында студенттерден құралған топтар ойдан шығарылған іс бойынша өз дәлелдерін (жазбаша және ауызша) дайындап, АХҚО Сотының аға судьяларының алдында қорғады. Бұл – болашақ заңгерлерге заңды талдау, құқықтық ұстанымдарды қалыптастыру және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды тәжірибелік алаң.

Біз АХҚО Соты студенттік сот процесі байқауы жеті жыл қатарынан өткізіліп, қатысушы университеттердің оқу бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналғанын мақтан тұтамыз. Осындай байқауларды өткізу арқылы біз заңгер студенттерге нақты сот істерінде клиенттердің мүдделерін қорғау үшін адвокаттардан талап етілетін жалпы сот жағдайында ауызша адвокатура машықтарын үйренуге және қолдануға бірегей мүмкіндік береміз. Студенттердің деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Біз Еуразиядағы таңдаулы халықаралық коммерциялық сот ретінде негізгі серіктестерімізбен және заң қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас қалыптастыруды жалғастырып келе жатқандықтан, бұл студенттер үшін де, біздің сот үшін де маңызды жарыс, - деді АХҚО және ХТО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт.

Қазақстандық студенттер АХҚО Сотындағы сот процесіне қатысты

Байқаудың финалына алдыңғы кезеңдерде көрсеткен жақсы нәтижелері бойынша іріктелген Мақсұт Нәрікбаев Университеті мен КИМЭП Университеті студенттері өтті. Финалды АХҚО Сотының төрағасы Мэлдон Лорды Бернетт және АХҚО Сотының басқа да аға судьялары бағалады.

АХҚО Сотының студенттік сот процесі байқауына қатысу менің заңгерлік мансабымдағы құнды қадам болды. Бұл байқау менің ауызша адвокаттық дағдыларымды жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар заң саласында табысты жұмыс істеуге қажетті төзімділік пен кәсібилікті дамытуға көмектесті. Бұл тәжірибе менің дауларды шешу саласына деген ынтамды одан әрі нығайтты және мен бұл дағдыларды болашақта қолдану мүмкіндігін асыға күтемін, - деп айтты Maqsut Narikbayev University командасының қатысушысы Дарина Қойшыбаева.

Қазақстандық студенттер АХҚО Сотындағы сот процесіне қатысты

Байқаудың финалында заң командалар Астанадағы цифрлық жабдықталған Көшпенділер ойындарын өткізу орнына қатысты іс бойынша АХҚО Сотының бірінші инстанциясы шешіміне (ойдан шығарылған) шағымданып, ауызша уәждер келтірді. Бұл байқау заңгер мамандығына ие болуға ұмтылатын студенттерге халықаралық деңгейде баға жетпес тәжірибе берді.

Байқауға қатысу финалистердің болашақ мансаптық мүмкіндіктерінің ауқымын едәуір кеңейтті. АХҚО Cотында клиенттердің мүдделерін білдіру үшін жеткілікті құзыреті бар қазақстандық заңгерлерге сұраныс күн сайын артып келеді. Мен АХҚО Сотының қабырғасында қайта кездесетінімізге сенімдімін – тек келесі жолы біз тәжірибелі заңгерлер ретінде өз тәжірибемізбен бөлісетін боламыз, - деп атап өтті КИМЭП университеті командасының мүшесі Роман Желак.

Жеңімпаздар кубогы Мақсұт Нәрікбаев Университеті студенттеріне берілді, ал соңғы турға өткен барлық студенттер АХҚО және ХТО Сотында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Қазақстандық студенттер АХҚО Сотындағы сот процесіне қатысты

2018 жылы құрылған сәттен бастап, АХҚО Сотының студенттік сот процесі байқауы Қазақстан мен Еуразия өңіріндегі құқық саласындағы дарынды жастарды қолдайтын маңызды алаңға айналды. АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының (ХТО) тренинг орталығының білім беру бағдарламалары арқылы 3900-ден астам адам құқық үстемдігі мен халықаралық коммерциялық дауларды шешу қағидалары бойынша тегін білім алды. Сондай-ақ, 160-тан астам студент АХҚО Соты мен ХТО-да тағылымдамадан өтті.

Жыл сайын Қазақстан мен Еуразия өңірінен жүздеген студент АХҚО Соты мен ХТО ұйымдастыратын сот, арбитраж және медиация процестерінің байқауларына қатысады. Бұл байқаулар өңірдегі іскерлік және заң қауымдастығын дамуына үлес қосып, АХҚО Соты мен ХТО-ны халықаралық коммерциялық дауларды шешудегі жетекші институттар ретінде беделін арттырады. Сонымен қатар бұл байқаулар жас және тәжірибелі заңгерлерге инвесторлардың құқықтарын тиімді қорғау үшін маңызды дағдыларды дамытуға көмектеседі. Аталған іс-шара - Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тартуға және елдің сот жүйесінде құқықтық қауіпсіздік пен инвесторлардың сенімін қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды бастама.

Өзгелердің жаңалығы