Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Аstana Нub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі алаңында Demo Day шеңберінде бірқатар стартап-жобалар ұсынылды.
Аталған жобалар бастауыш және орта сынып мұғалімдеріне арналған онлайн-білім беру бағдарламасы және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін білім мен инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жобалардың бірі – қозғалысы шектеулі адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қоғамдық объектілердің қолжетімділігін көрсететін Astana Hub акселераторының қатысушысы «Қолжетімді Қазақстан» сайты мен қосымшасы болды. Әлемге танымал цифрлық қоғамдық игілік 2015 жылы «Тandau Foundation» қоғамдық қоры «Қолжетімді Павлодар» атты жобаны бастаған кезде пайда болды. Нәтижесінде Павлодар тұрғындарында нысанды шерту арқылы оның мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты қолжетімді екендігін көрсететін арнайы карта жасалған. 2016 жылы бастама бүкіл Павлодар облысын қамтыды. Ал келесі жылы жобаға Алматы облысы қосылып, бұл жоба «Қолжетімді Қазақстанға» айналды.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Astana Hub қолдауымен бүгінгі күні жоба бүкіл ел бойынша 15 қоғамдық ұйым мен 500 еріктіні біріктіреді.
Ал картада Қазақстанның 22 қаласындағы 21 737 орынның қолжетімділігі бойынша ақпарат көрсетілген.
Картаны пайдаланушылар қозғалысы шектеулі адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға (мүгедектігі бар адамдар, арбадағы кішкентай балалары бар ата-аналар, қарттар, жүкті әйелдер, уақытша жарақаттанған адамдар, 7 жасқа дейінгі балалар) арналған сервисті пайдалану арқылы барынша қолжетімді және қауіпсіз бағытты жоспарлай алады. Сондай-ақ таңдалған нысанға бару қаншалықты қолжетімді және қауіпсіз екендігін білуге мүмкіндік бар.
Біз Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық қоғамдық игілік – Қазақстанның жобасы болғанына өте қуаныштымыз. «Қолжетімді Қазақстан» аса маңызды мақсатты көздейді, яғни қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге қарамастан, барлығы үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету. Жоба объектілерді картаға түсіріп қана қоймай, сонымен қатар пікірлестердің үлкен тобын біріктіреді және балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. Кез келген ұйым «Tandau Foundation»-ға жүгініп, өз объектісінде қолжетімді және қауіпсіз инфрақұрылымды қалай құру туралы қажетті кеңес ала алады, - деп атап өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл.
«Қолжетімді Қазақстан» БҰҰ мақұлдаған Цифрлық қоғамдық игіліктер Альянсының тексеруінен өтті және бүкіл әлемге қолжетімді жаһандық тізілімге қосылды. DPG ретінде танылу жаһандық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін ашық жобалардың көрінуін және танымалдылығын арттырады. DPG болу үшін барлық жобалар DPG стандартына сәйкес келуі керек, бұл олардың ашық бастапқы код принциптерін ұстанатындығына кепілдік береді. Тізілім «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни ашық цифрлық технологияларға – қосымшаларға, деректерді визуалдау құралдарына, білім беру бағдарламаларына тұрақты даму мақсаттарына тез қол жеткізу үшін тегін бейімдеу және пайдалану жөніндегі ең аз талаптармен қолдану мүмкіндіктерін береді.