Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесуден сапы сайысы бойынша Марокконың Касабланка қаласында өтіп жатқан әлем Кубогының командалық бәсекесінде топ жарды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.
Отандастарымыз финалда Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді.
Қазақстандық спортшылар турнир барысында бес кездесуде жеңіске жетті. Алдымен 1/16 финалда Түркия құрамасын 45:20 есебімен ұтты. Кейін 1/8 финалда Гонконгтан 45:28 есебімен басым түсті.
Ширек финалда Мысыр құрамасын 45:40 есебімен жеңсе, жартылай финалда Франция командасын 45:39 нәтижесімен жарыстан шығарды.
Қазақстан намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады.
Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы сапы сайысынан Касабланкада (Марокко) өтіп жатқан әлем Кубогының финалында бақ сынайтынын жазғанбыз.