Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында қазақ самбошылары тағы 2 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аралас командалық сында Еламан Қойшыбаев пен Асылжан Орынбасарова (65 келі) күміс жүлдегер атанды. Олар Азия мен Тынық мұхиты аймағынан жасақталған екінші құрама сапында күш сынасты. Асылжан Еуропа-1 құрамасындағы ресейлік Яна Поляковадан жеңілсе, Еламан Беларусь балуанынан кеше жекелей сында кеткен есесін қайтарды. Жалпы есеп: 4-6.
Біздің командада бізбен бірге Өзбекстан, Қырғыз және Моңғолия самбошылары болды. Финалға дейін екі құраманы жеңдік. Кеше жартылай финалда жеңілген Беларусь спортшысымен кездесіп, ұттым. Екі күн күресуге күшім жетті. Кеше, бүгін үш жекпе-жектен болды. Енді елге жеткен соң Щучинскіде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, келе жатқан әлем чемпионатына дайындаламыз. Сәтін салса ол жерде 88 келі салмақта күресемін, - деді Еламан финалдан кейін.
Осы ойындарға лицензияны сары құрлық елдері биыл маусым айында Астанада өткен Азия және Тынық мұхиты аймағының чемпионатында жеңіп алған. Осылайша, Ар-Риядта әр құрлықтың таңдаулы самбошылары ғана күресті.
Күшім жетіп тұрды. Бұл самбошымен алдын күреспегенмін. Аңдысып жүрмей, бірден ашық белдесу керек еді. Ресей спортшысының ұпай алуына мүмкіндік беріп қойдым, - деді Асылжан марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.
Айта кетейік, осымен V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында самбодан белдесулер аяқталды. Қазақстан құрамасы жеті балуан алып келіп, жекелей сында бір алтын, бір күміс пен үш қолаға, ал миксте екі күміс жүлдеге ие болды.