Словенияның Камник қаласында өткен садақ атудан «Veronica’s Cup» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы ересектер санатында екі жүлдеге қол жеткізді.
Классикалық садақ атудан ерлер арасындағы финалда Ильфат Абдуллин Үндістан өкілі Сачин Гуптаны жеңіп, жарыстың алтын медалін иеленді.
Ал құралмалы садақпен атудан командалық жарыста Қазақстанның әйелдер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Ел намысын Виктория Лян, Роксана Юнусова және Адель Жексенбинова қорғады. Отандастарымыз үшінші орын үшін өткен кездесуде Люксембург құрамасынан басым түсті.
Дәстүрлі турнирге биыл 30-ға жуық мемлекеттен 330-дан астам мерген қатысты. Бұған дейін U18 және U21 жас санаттарында да қазақстандық спортшылар бірнеше жүлде жеңіп алған болатын.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Италиядан кейінгі екінші орынға тұрақтады.