ЭЫДҰ PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қазақстанда зерттеуге 643 білім беру ұйымынан 22 680 оқушы қатысты. Жалпы зерттеу 91 ел мен аумақтағы 760 мыңнан астам 15 жастағы білім алушыны қамтыды.
PISA-2025 аясында алғаш рет «Цифрлық әлемде білім алу» бағыты енгізілді. Нәтижеге сәйкес, қазақстандық оқушылардың 80%-ы сабақта жасанды интеллект көмегімен жасалған контентпен жұмыс істейді. ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш – 63%. Сондай-ақ оқушылардың 85%-ы цифрлық құрылғыларды пайдалануға қатысты арнайы ұсынымдар қолданылатын мектептерде білім алады.
Қауіпсіз білім беру ортасы бойынша да Қазақстанның көрсеткіштері жоғары. Оқушылардың 77%-ы буллингке тап болмайтынын айтқан, ал ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш – 53%. Оқушылардың 71%-ы мектеп оларды болашақ өмірге қажетті деңгейде дайындайды деп есептейді.
Педагогтердің қолдау индексі Қазақстанда 0,65, ЭЫДҰ бойынша 0,03 болды. Оқушылардың өзара білім алу көрсеткіші тиісінше 87% және 51%.
Негізгі білім көрсеткіштері бойынша қазақстандық оқушылар жаратылыстанудан 420 балл, математикадан 414 балл, оқу сауаттылығынан 385 балл жинады. Жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша нәтиже PISA-2022 деңгейінде сақталған.
Зерттеу қорытындысы өңірлер мен мектептер арасындағы алшақтықты қысқарту, оқушылардың базалық білімі мен дағдыларын нығайту және оқыту сапасын одан әрі арттыру қажеттігін көрсетті.