Қазақстандық оқушылар биология олимпиадасында алты медаль жеңіп алды

Беделді зияткерлік додаға әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысты.

 Оқу-ағарту министрлігі Бүгiн 2026, 16:48
Бүгiн 2026, 16:48
170
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

15–22 мамыр аралығында Ресей Федерациясының «Сириус» федералдық аумағында Ашық халықаралық биология олимпиадасы (OIBO-2026) өтті.

Қазақстан құрамасы алты оқушыдан жасақталып, 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Команда қоржынына 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль түсті.

Алтын медаль иегерлері:

  • Ерсұлтан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
  • Софья Желтова – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Күміс медаль иегерлері:

  • Нұралы Билялов – Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
  • Дарын Мұқашев – Шығыс Қазақстан облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
  • Нұрасыл Әділғали – Маңғыстау облысындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

Қола медальді:

  • Евгения Меженина – Қарағанды қаласындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы жеңіп алды.

Команда жетекшісі – республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері, қазіргі таңда «Astana Medical University» КеАҚ-ның 4-курс студенті Дінмұхаммед Оразбаев.

OIBO олимпиадасы теориялық, практикалық және командалық жобалық кезеңдерден тұрды. Қатысушылар молекулалық биология, генетика, биохимия және физиология бағыттары бойынша күрделі тапсырмалар орындап, ботаника, зоология және биоинформатика бойынша зертханалық жұмыстар жүргізді.

Олимпиада оқушылардың теориялық білімін ғана емес, зерттеу жүргізу, ақпаратты талдау және пәнаралық байланысты қолдану дағдыларын да бағалады.

Наверх