Қазақстандық мергендер Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатында үздік атанды

19 Қараша 2022, 21:49
1224
Бөлісу:
Қазақстандық мергендер Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатында үздік атанды

Пневматикалық қарумен оқ атудан өткен Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар лайықты өнер көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Сайыс Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында болып, оған 17 елден 234 мерген қатысты. Чемпионатта бақ сынаған он сегіз қазақстандықтың он бірі елге медальмен оралды.

Чемпионаттың соңғы күні пневматикалық тапаншадан ату бойынша ер мен әйел жұптар бақ сынасты. Қазақстан атынан 2 команда қатысып, финалға Ирина Юнусметова мен Валерий Рақымжан шықты. Алтын медаль үшін болған кездесуде Үндістаннан келген жұп мықтылығын көрсетті.

Финалда, әрине, тәжірибе жеткіліксіз болды. Үндістан құрамасы бізге қарағанда қиналмағаны анық. Финалда аяғым, қолым дірілдеді, - деді оқ атудан XV Азия чемпионатының күміс жүлдегері Валерий Рақымжан.

Чемпионатқа Қазақстан атынан 12 ересек пен 21 жасқа толмаған 5 және 18 жасқа толмаған 1 спортшы қатысты. Мергендер 2 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. 

Осыдан 3 жыл бұрын мен бұл команданы қабылдаған кезде бапкерлік штабтың мақсаты – команданы жасарту міндеті болатын. Енді міне, осы ұжым өсіп, күш жинап келеді. Ол күшейді, өзіне сенімді болды. Құраманың 90 пайызы жасөспірімдер, бірақ олардың барлығы ересектер санатында сайысқа шығады, - деді ҚР оқ атудан бас бапкері Ольга Довгун.

Спортшыларымыз биыл Әзербайжан мен Кувейтте дайындықтан өтті. Үш мергеніміз әлемдік рейтингтің алғашқы жиырмалығына енді. Бұл Ислам Үсеинов, ол 7-орында. Ирина Юнусметова 11-ші, Никита Чирюкин 12-орында. Үш үздік спортшымыз тоғыз күннен кейін Мысырға аттанады. Каирде Халықаралық оқ ату спорты федерациясы президентінің кубогі өтеді.

Өзгелердің жаңалығы