Қазақстандық компаниялар Иранға $60 млн-ға өнім экспорттауға келісім жасасты

26 Сәуір 2023, 18:14
1278
Бөлісу:
Қазақстандық компаниялар Иранға $60 млн-ға өнім экспорттауға келісім жасасты

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары аясында 24-26 сәуір аралығында Тегеранда еліміздің үшінші сауда-экономикалық миссиясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы ұйымдастырған шараға Ауыл шаруашылығы министрлігінің, азық-түлік, химия, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және металлургия тауарларын өндіретін қазақстандық 20 компанияның, екі елдің бірлескен Сауда палатасының, Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының өкілдері, сондай-ақ ирандық тараптан 150-ден астам компания өкілдері қатысты.

Іскерлік кездесулер нәтижесінде Қазақстаннан Иранға тыңайтқыштар, май өнімдерін, ірі қара және ұсақ мал етін жеткізу бойынша $60 млн-нан астам сомаға экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 2022 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $528 млн, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8%-ға жоғары. Бұл ретте қазақстандық компаниялар орта мерзімді перспективада Иранға жеткізілімдерді одан әрі арттыруға дайын.

Сауда-экономикалық миссия аясында ирандық компаниялар қазақстандық фосфатты тыңайтқыштар, ферроқорытпалар және азық-түлік өнімдерін өндірушілерге жоғары қызығушылық танытты. Өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы