Қазақстандық экспорттаушылар Бакуда 38 млн АҚШ долларына келісімшарт жасасты

9 Маусым 2022, 22:51
1384
Бөлісу:
Қазақстандық экспорттаушылар Бакуда 38 млн АҚШ долларына келісімшарт жасасты

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ. Әзербайжанда Қазақстан тауар өндірушілерінің сауда-экономикалық миссиясы өтіп, оған азық-түлік, химия және мұнай-химия өнімдері, фармацевтика, металл прокаттау және металл өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, IT саласында жұмыс істейтін 23 отандық кәсіпорын қатысты.

Олардың қатарында экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушылар да болды. Әзербайжан тарапынан қазақстандық бизнеспен ынтымақтастыққа мүдделі 100-ден астам компания қатысты.

Ресми бөлімін ашқан Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов елімізде өткен конституциялық референдумның мәніне тоқталып, оның нәтижелері экономика мен ұлттық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететінін және экономикада ашық және әділ ойын ережелерін қалыптастыратынын айтты.

Ол сондай-ақ дипломатиялық қатынастардың үш онжылдығы ішінде «екіжақты және көпжақты ынтымақтастық саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, транзиттік, көліктік, ауылшаруашылық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы жүйелі және көп қырлы сипатқа ие болғанын» атап өтті.

Жиналғандардың назарын қазіргі жағдайда Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) әлемдік сауда, транзит және жабдықтау жүйесіне дұрыс интеграциялау қажеттілігіне аудара отырып, С. Әбдікәрімов Қазақстанның Әзербайжандағы Сауда үйінің шеңберінде «TDK-Logistics» логистикалық бөлімшесінің жұмыс істейтінін еске салды. Сонымен қатар, ол 2022 жылғы 4-5 шілдеде Нұр-Сұлтанда үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтетінін айтып, мүдделі кәсіпкерлерді екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын екі елдің іскер топтары арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде құрылып жатқан «Қазақстан-Әзербайжан іскерлік кеңесіне» қосылуға шақырды.

«QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы қазіргі жағдайда екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айтты. 

Соңғы жылдары әлемде аймақтық сауданың пайдасына тенденция байқалуда. Каспий өңірі, ең алдымен, Әзербайжан мен Қазақстанның өзара тауар айналымын арттыруға әлеуеті зор. Оның үстіне қазір Еуропадан Азияға транзиттік аумақ ретінде екі елдің рөлі артып келеді, біз транзиттік елдер ретінде ғана емес, экономикалық әріптестер ретінде де ішкі өзара іс-қимылымызды тереңдете аламыз және тереңдетуіміз керек, - деді ол.

Биылғы жылдың басынан бері екі елдің Каспийдегі теңіз сауда порттары арқылы 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе көп жүк тасымалданды. Жыл соңына дейін ТХКБ бағыты бойынша көлік тасымалы алты есеге артады деп күтілуде.

QazTrade басшысы бүгінгі таңда 80-нен астам қазақстандық компания өз өнімдерін Әзербайжанға тұрақты экспорттаушы болып табылатынын атап өтті. Бұл ретте Қазақстаннан 272 млн АҚШ доллар сомасына 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту әлеуеті бар, оның ішінде металлургия өнімдері, азық-түлік және сусындар, машина жасау және химия өнеркәсібі өнімдері.

Өз кезегінде, Әзербайжан Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі басқармасының төрағасы Орхан Мамедов 1995-2021 жылдары Әзербайжанның қазақстандық шикізат емес секторына салған инвестициясы 200 млн АҚШ доллардан астам соманы құрағанын атап өтті. Қазақстанның әзербайжандық шикізаттық емес секторына салған инвестициясы шамамен 100 млн АҚШ долларды құрады.

Елімізде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың 159 қазақстандық капиталмен құрылған. Бұл компаниялар экономиканың өнеркәсіп, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қызмет көрсету сияқты салаларында жұмыс істейді, - деді ол.

Сондай-ақ іс-шара аясында «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК-ның бас директоры Ғабит Мұхамбетов, Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьясы Жолымбет Бәйішев, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Мушфиг Джафаров және PwC Еуразия аймағының директоры Мырза Сокуров сөз сөйледі.

Сауда-экономикалық миссия аясында қазақстандық тауар өндірушілерге екі елдің ұлттық компаниялары мен іскер топтарының қатысуымен B2B форматында екіжақты келіссөздер, Әзербайжан Республикасының ірі сауда желілерімен және дистрибьюторларымен кездесулер ұйымдастырылды.

Олардың нәтижесінде жалпы сомасы 38 млн АҚШ долларынан астам 8 экспорттық келісімшартқа қол қойылды. Әзербайжанға қазақстандық азық-түлік өнеркәсібінің тауарларын (күнбағыс майы, күріш, тұз, жарма және дайын тағам жиынтықтары), металпрокат, химия және лак-бояу өнімдерін жеткізуге келісімшарттар жасалды.

Сонымен қатар Қазақстанның Стандарттау және метрология институты мен Әзербайжанның Стандарттау, метрология және патент жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында келісімге, сондай-ақ «QazTrade» АҚ мен «Ганджа кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы