Қазақстандық дзюдошылар 2026 жылғы Азия ойындарында командалық турнирден күміс алды

Финалда Қазақстан Жапонияға 0:4 есебімен жол берді.

 ҚР ҰОК/Сали Сабиров 3 Қазан 2026, 17:11
3 Қазан 2026, 17:11
169
Фото: ҚР ҰОК/Сали Сабиров

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарындағы дзюдодан аралас командалық турнирде күміс медаль жеңіп алды. Финалда қазақстандықтар Жапония құрамасына 0:4 есебімен есе жіберді. Бұл жүлде Қазақстан дзюдошыларының биылғы Азия ойындарындағы жетінші медалі болды.

Финалдың алғашқы белдесуінде Гусман Қырғызбаев (73 келі) жапониялық Тацуки Исихарамен кездесті. Төрт минутқа созылған жекпе-жекте Исихара «юко» бағасының арқасында жеңіске жетті.

Кейін татамиге Ажар Асхат (70 келі) мен Утана Терада шықты. Жапониялық дзюдошы белдесуді 3 минут 7 секундта «иппонмен» аяқтады.

Үшінші белдесуде Айдар Арапов (90 келі) Хидэтоси Токумотиге қарсы шықты. Қазақстандық спортшы «юко» бағасын алғанымен, кейін үш «шидо» алып, нәтижесінде жеңіс «иппонмен» жапониялық спортшыға берілді.

Төртінші болып Аида Тойшыбекова (+78 келі) татамиге шықты. Оның қарсыласы Мики Мукуноки 33 секундта «иппонмен» жеңіске жетті.

Осылайша Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарындағы дзюдо турнирін жеті медальмен – бес күміс және екі қола жүлдемен аяқтады. Жеке жарыстарда қазақстандық дзюдошылар төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Оларға аралас командалық турнирдің күмісі қосылды.

Күміс:
Елдос Сметов (60 келі), Абиба Әбужақынова (48 келі), Әділет Алмат (81 келі), Ажар Асхат (70 келі), Қазақстанның аралас құрамасы.

Қола:
Эсмигүл Куйлова (63 келі), Екатерина Токарева (78 келі).

Тағы бес қазақстандық спортшы жеке есепте жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтады. Гусман Қырғызбаев, Меруерт Сәрсенова, Дана Абдирова, Марат Байкамуров және Аида Тойшыбекова өз салмақ дәрежелерінде бесінші орын алды.

Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының ресми ашылу рәсімі 19 қыркүйекте болды. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыста 460 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр. Қазақстан құрамасы Азия ойындарына 35 спорт түрінен 558 спортшымен қатысып отыр.

Наверх