Қазақстандық дәрігерлер кесарь тілігі кезінде сирек операция жасады

Алматылық мамандар босану барысында күрделі хирургиялық араласу жасап, көпбалалы ананың маңызды мүшесін сақтап қалды.

Бүгiн 2026, 20:56
АВТОР
 Денсаулық сақтау министрлігі Бүгiн 2026, 20:56
Бүгiн 2026, 20:56
158
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында дәрігерлер жатырында көптеген миомасы бар 35 жастағы әйелге күрделі операция жасап, оның жатырын сақтап қалды.

Жоспарлы кесарь тілігі кезінде мамандар тек босандырып қана қоймай, бір мезетте алты миоматозды түйінді алып тастаған.

Облыс тұрғыны ауруханаға ауданнан жолданған. Дәрігерлер әйелдің жатыр миомасын жүктіліктің ерте кезеңінде анықтаған. Соған қарамастан, науқас жүктілікті сәтті көтеріп, сәбиін 37-аптаға дейін аман-есен жеткізген.

Жүктілік толық мерзімге жеткеннен кейін дәрігерлер жоспарлы кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдаған. Алдымен дені сау нәресте дүниеге келіп, кейін хирургтер ісіктерді алып тастауға кіріскен.

Аурухана мәліметінше, алынған миоматозды түйіндердің көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін болған. Операцияның күрделілігіне және хирургиялық араласудың ауқымына қарамастан, мамандар пациенттің репродуктивті мүшесін сақтап қала алды.

Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, кесарь тілігі мен миоманы алып тастау операциясын қатар жүргізу акушерия мен гинекологиядағы ең күрделі операциялардың бірі саналады. Операцияға үш акушер-гинеколог қатысқан.

Аурухана директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаева жатыр миомасы әрдайым бала сүюге кедергі бола бермейтінін, алайда мұндай жағдайда дәрігерлердің тұрақты бақылауы қажет екенін атап өтті.

Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Уақтылы тексерілу, гинеколог бақылауында болу және жүктілікті дұрыс жоспарлау әйелдің репродуктивті денсаулығын сақтауға әрі ана атану мүмкіндігін арттыруға көмектеседі, - деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.

Пациентке көрсетілген медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ұсынылған.

Бұған дейін Алматыда жүректің ауыр дертіне шалдыққан жүкті әйел құтқарылғанын хабарлаған болатынбыз.

Наверх