Қазақстандық Әсем Әубәкір Вьетнамда түсініксіз жағдайда жоғалып кеткен. Қыз 6 наурыз күні Хошимин қаласында байланысқа шықпай қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның жоғалғанын әпкесі Рузана Әубәкір мәлімдеген. Айтуынша, сол күні Әсем Қазақстанға қайтып ұшуы тиіс болған. Алайда әуежайға барған кезде ол таблодан өз рейсін таба алмаған.
Туыстарының айтуынша, сол уақытқа дейін қыз екі тәулікке жуық ұйықтамаған және қатты күйзеліске түскен. Ол жақындарына өзін біреулер аңдып жүргендей сезінетінін айтқан.
Отбасының мәліметінше, Әсемнің соңғы банк операциясы 6 наурыз күні сағат 15:08-де тіркелген. Ол сол кезде таксиге тапсырыс беріп, кейін оны тоқтатқан.
Сондай-ақ қыз жоғалып кетерден аз уақыт бұрын АҚШ азаматтығы бар әйелмен бірге түскі ас ішкені белгілі болды. Туыстарымен сөйлескен кезде оның сөзі түсініксіз болған. Осыған байланысты жақындары қыздың әдеттегіден өзгеше күйде болған болуы мүмкін деп болжайды.
Жақындарының айтуынша, Әсем 8-9 жылдан бері шетелге жалғыз саяхаттап жүр, бірақ бұған дейін мұндай жағдай болмаған.
Отбасы Вьетнамдағы Қазақстан консулына да жүгінген. Алайда олардың сөзінше, ресми іздеу шаралары тек дүйсенбі күні басталады, себебі қазір демалыс күндері.
Туыстары Вьетнамда жүрген немесе қыздың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдардан хабарласып, іздеуге көмектесуді сұрайды