Қазақстандық бизнес дәрілік заттарды таңбалау жүйесіндегі өзгерістерге қол жеткізді

1 Тамыз 2024, 21:38
548
Бөлісу:
Қазақстандық бизнес дәрілік заттарды таңбалау жүйесіндегі өзгерістерге қол жеткізді
Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік орган бизнес-қауымдастық пен «Атамекен» ҰКП тарапынан түскен ұсынысты қабылдап, кәсіпкерлердің дәрі-дәрмек қозғалысын мониторингілеудің жаңа ақпараттық жүйесіне біртіндеп бейімделуіне ықпал ететін бірқатар түзетулер енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, Ұлттық палата тіркеуді қажет ететін препараттар санын қысқартуға қол жеткізді. Бастапқыда Денсаулық сақтау министрлігі 930 атауды қосуды ұсынса, «Атамекен» ҰКП алғашқы кезеңде 93 препаратты таңбалауды ұсынды.

Көптеген талқылаудан кейін ҰКП мемлекеттік органдармен бірлесіп, импортталған дәрі-дәрмектерді дистрибьюторлық қоймаларда таңбалауға қол жеткізді.

Бұдан өзге, «Атамекен» ҰКП мен бизнес-қауымдастықтың бастамасы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп, Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұдан былай 2024 жылғы 1 шілдеден бастап өндірілген дәрілік заттар ғана міндетті таңбалауға жатады.

Дәрі-дәрмек қозғалысын қадағалаудың жаңа жүйесі фармацевтикалық тауарларды таңбалау процесінің әр кезеңінде нақты уақыт режимінде өндіріліп шығарылғаннан бастап тұтынушыға ұсынылған сәтке дейін бақылауға мүмкіндік береді.

Дәрі-дәрмек қозғалысын қадағалау 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылады деп жоспарланған. Техникалық тұрғыдан толық аяқталмаған жобаны Ұлттық палата мен бизнес-қауымдастық 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін шегеруге бастамашы болды. Осылайша, фармацевтикалық нарыққа қатысушылар үшін, оның ішінде кәсіпкерлер үшін бұл шешім оңтайлы болды.

Таңбалаудан өтетін дәрілік заттардың айналым тізбегінің қатысушылары:

  • өндірушілер;
  • көтерме сауда компаниялары, дистрибьюторлар;
  • бөлшек сауда нүктелері – дәріханалар;
  • медициналық ұйымдар, - деп жазды atameken.kz.

Айналымның әрбір қатысушысы таңбаланған тауарға жасалатын операцияларды тіркеуі керек.

Бүгінгі таңда «Атамекен» ҰКП ақпараттық жүйелерді баптаумен және дәрілік заттарды есепке алу, өткізу бойынша бизнес-процестерді жолға қоюмен байланысты таңбалау мен қадағалау ережелерін бұзғаны үшін нарық қатысушыларына айыппұл шараларын қолданбау мәселелерін көтеруде. Бұл бастама – жаңа жүйені енгізуде қиындықтарға тап болған нарық қатысушыларын тығырыққа тіремеудің амалы, - деп жазылған мәліметте.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалаудың міндетті жүйесі енгізілді. Цифрлық таңбалаудың арқасында контрафактілік және жалған өнімдерді сатудың алдын алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы