Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған жаңа жобалар жалғасады. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, балалардың ел ішінде саяхаттауына мүмкіндік беру және отбасылардың демалыс шығындарын азайту мақсатында «Kids Go Free» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарлама аясында балалардың әуе билеттері мемлекет есебінен субсидияланады.
Жоба іске қосылғалы бері 7 мыңнан астам бала тегін әуе сапарын пайдаланған. Ал биыл тағы шамамен 2 мың бала Қазақстан ішінде тегін саяхаттау мүмкіндігіне ие болады, - деді Мырзабосынов.
Министр сондай-ақ 2026 жылға арналған оқиғалар күнтізбесі аясында жаз мезгілінде балалар мен жастарға арналған 20-дан астам ірі іс-шара ұйымдастырылатынын айтты.
Маусым айында Алматы облысы аумағында «NomadFest» фестивалі, Қарағанды облысы өңірінде «Balkhash Tour Fest» және Ұлытау облысы аумағында «Көкмайса» фестивалі өтеді.
Шілде айында Астана қаласында «Асыл Мұра» мәдени-отбасылық іс-шарасы ұйымдастырылады. Сонымен қатар Жетісу облысы аумағында «Алакөл толқыны» жастар жобасы және Атырау облысы өңірінде экологиялық «Лотос фестивалі» өтеді.
Ал тамыз айында Comic Con Astana халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Алматы облысы аумағында «Байсерке аспаны» отбасылық авиациялық фестивалі және басқа да мәдени-спорттық іс-шаралар жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін оқушылар қай салада жұмыс істейтіні белгілі болды.
Сондай-ақ, жұмыс істейтін оқушылардың құқығы қалай қорғалатыны айтылды.