Қорғаныс министрлігінің делегациясы ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Руслан Қоңыровтың басшылығымен Aero India 2025 XV халықаралық аэроғарыш көрмесінде әлемдік өндірушілердің ұсыныстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара Бангалор қаласындағы Елаханка әскери-әуе базасының аумағында өтті. Қазақстандық делегация мүшелерімен Үндістан Әскери-әуе күштері бас қолбасшысының орынбасары авиация генерал-майоры Суджит Дхаркар кездесті. Келіссөздер барысында тараптар авиация саласындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың аспектілерін талқылады.

Aero India халықаралық аэроғарыш көрмесі 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл жолы оған үндінің және шетелдің 150-ден аса компаниясы қатысты. Әлемдік өнеркәсіптік компаниялар онда авиациялық техниканың, қорғаныс инженериясының, инфрақұрылымдық құрылыстардың және әуежайларға арналған техникалық құралдардың үлгілерін таныстырды.
Көрмеге қатысушылар мен келушілер үшін тақырыптық семинарлар, конференциялар, техникалық сессиялар және әуе кемелерінің көрсетілім ұшулары ұйымдастырылды.