Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge жарысы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл беделді сайысқа әлемнің 80 елінен 100-ден астам арнайы жасақ бөлімшесі қатысып, бес күн бойы тактикалық, штурмдық, құтқару операциялары, кепілдегі адамдарды босату және кедергілер жолағын еңсеру бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
Ішкі істер министрлігінің “Сұңқар” арнайы жасағы барлық кезеңде жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте күміс жүлдені жеңіп алды.
Сонымен қатар Қазақстанның өзге де арнайы жасақ бөлімшелері үздік ондыққа кірді. Олардың қатарында ҚР ҰҚК “Арыстан” және “SSN Aktau”, МКҚ-ның “Сардар” арнайы жасағы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан құрамасы бар. Айта кетейік, “Сұңқар” командасы алғашқы және үшінші кезеңдерде бірінші орын иеленді.
Нәтижесінде екі алтын және жалпы қорытынды бойынша күміс медаль алып, жетістікке жетті. Команда аталмыш жарысқа осымен екінші мәрте қатысып жатыр.
Биылғы сайыстың тарихи ерекшелігі – Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының атынан алғаш рет “Томирис” әйелдер командасының қатысуы. Оның құрамында конькимен жүгіру спорты бойынша әлемдік рекорд иегері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, спорт шебері және күштік спорт түрлері бойынша түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегерлері бар. “Томирис” командасы барлық сынақтан сәтті өтіп, ерлер командаларымен терезесі тең өнер көрсетті.
Нәтижесінде әйелдер арасында Қазақстан құрамасы екінші орынға көтерілді.