Қазақстанды көру арманым болатын - шетелдік журналист

Бөлісу:
Қазақстанды көру арманым болатын - шетелдік журналист
Фото: автордан

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны спорт мерекесі ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен салт-дәстүр мерекесіне айналатынына сенімдімін. Мұндай пікірді молдовалық журналист Анатолий Качук айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытайдың “Жэньминь жибао” газеті ұйымдастырған “Бір белдеу, бір жол” медиа ынтымақтастығы форумына жиналған БАҚ өкілдері арасында Молдова елінің өкілі де бар. Ол - Молдова радиосының жүргізушісі, журналист Анатолий Качук.

Әріптесіміз жақында Қазақстанда өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойынына бармақ. Шетелдік журналистен еліміз туралы ойын сұрап көрдік.

Осыдан үш жыл бұрын Кишинёвте Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы елшілігі ашылды. Мен еліміздегі Қазақстан елшісі Алмат Айдарбековпен бірнеше рет сұқбат құрдым. Сұқбатқа дайындалу үшін алдымен Қазақстан жайлы көп оқып алдым. Елші елдеріміздің ынтымақтастығы қалай дамып жатқанын айтып, достығымыз нығайып жатқанын айтты. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Өйткені Қазақстан да, Молдова да көптеген халықаралық ұйымның мүшесі. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әке туралы ой-толғауды” оқыдым. Бұл кітап Румынияда румын тіліне аударылып шығарылды. Бұл кітапта Қазақстанның қалай дамып жатқаны туралы сұрақтардың жауабы жазылған, - деді шетелдік журналист.

Ол Қазақстанның Орталық Азиядағы рөліне тоқталды.

Барлығымыз Қазақстан Орталық Азияның інжу-жауһары екенін білеміз. Осы сұлулықты өз көзіммен көру арман болатын. Енді міне ондай мүмкіндік туды. 7 қыркүйекте Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталады. Оған Молдова да қатысады. Еліміздің намызын 9 спортшы қорғайды. Олардың 5-еуі еркек және 4-еуі әйел спортшы. Спортшыларымыз көшпенділер ойынының екі түрінен, атап айтқанда қазақ және қырғыз күрестерінен бақ сынасады. Бұл іс-шара тек спорт мерекесі ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен салт-дәстүр мерекесіне айналатынына сенімдімін, - деп айтты Анатолий Качук.

Ол атап өткендей, Қазақстан - көпұлтты мемлекет.

Қазақстанда көп ұлт тұратынын білеміз. Әр ұлттың өз салт-дәстүрі, ұлттық тағамы бар. Енді осының барлығы спортшыларға көрсетіледі деп ойлаймын. Бұл іс-шара есімде мәңгі қалатынына сенімдімін, - деп ойын айтты журналист.

Анатолий Качук көшпенділер ойынын ғана емес, ұйымдастырушылар шетелдік журналистерге мәдени бағдарлама да өткізеді. Сөзінше, шетелдік қонақтар қазақтың мәдениетін, тұрмыс салт-дәстүрін таныстыру мақсатында этноауылға, сондай Бурабайға баспасөз-турымен барады.

Бұл Анатолий Качуктың Қазақстанға жасаған алғашқы сапары болмақ.

Қазақстанның Молдовадағы елшілігінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізге әртүрлі мақсаттар, соның ішінде бизнес бойынша Молдованың 3000 мыңнан астам азаматы кірген.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 50 мыңға жуық молдаван диаспорасы тұрады.

Өзгелердің жаңалығы