Қазақстандағы референдумдар: 1995 жылдан 2026 жылға дейін

Қазақстан тәуелсіздік алғалы елдің саяси жүйесіне тікелей әсер еткен бірнеше республикалық референдум өтті.

 ©BAQ.KZ коллажы Кеше 2026, 06:00
Кеше 2026, 06:00
398
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан тәуелсіздік алғалы елдің саяси жүйесіне тікелей әсер еткен бірнеше республикалық референдум өтті. Мұндай дауыс берулерде азаматтар мемлекет басқару жүйесі, Конституциялық реформалар және энергетика саясаты сияқты стратегиялық мәселелер бойынша өз таңдауын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

1995 жылдан бері Қазақстанда төрт республикалық референдум өтті. Ал бесінші референдум 2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған.

1995 жыл: Президент өкілеттігін ұзарту мәселесі 

Қазақстандағы алғашқы республикалық референдум 1995 жылғы 29 сәуірде өтті. Онда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту мәселесі дауысқа салынды.

Ресми мәліметке сәйкес, дауыс беру тізіміне 9 110 000-нан астам азамат енгізілді. Соның 8 309 637-сі немесе 91,26 пайызы референдумға қатысты.

Нәтижесінде 7 932 834 адам (95,46%) – өкілеттікті ұзартуды қолдады, ал шамамен 3,5% – қарсы дауыс берді.

Референдум нәтижесінде кезектен тыс президент сайлауы өткізілмей, мемлекет басшысының өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Бұл шешім сол кезеңдегі саяси тұрақтылықты сақтау қажеттілігімен түсіндірілді.

1995 жыл: Жаңа Конституция қабылданды

Сол жылы Қазақстанда тағы бір маңызды саяси оқиға болды. 30 тамызда жаңа Конституция жобасы бүкілхалықтық референдумға шығарылды.

Орталық сайлау органдарының деректеріне сәйкес, 8 091 715 азамат дауыс беруге қатысты. Бұл - сайлаушылардың 90,58 пайызы.

Нәтижесінде 7 212 773 адам немесе 89,14% жаңа Конституцияны қолдады және 800 мыңнан астам азамат қарсы дауыс берді. 

Жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін айқындап, президенттік басқару моделін бекітті. Сонымен қатар екі палаталы Парламент жүйесі енгізілді. Бүгінде 30 тамыз Қазақстанда Конституция күні ретінде мемлекеттік мереке болып атап өтіледі.

2022 жыл: Конституциялық реформалар

Қазақстанда келесі республикалық референдум араға 27 жыл салып өтті. 2022 жылғы 5 маусымда азаматтар Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша дауыс берді.

Дауыс беру тізіміне 11 734 642 азамат енгізілді. Соның 7 985 769-ы немесе 68,05 пайызы референдумға қатысты. Нәтижесінде 6 163 516 адам (77,18%) өзгерістерді қолдады 1 490 470 адам (18,66%) – қарсы дауыс берді. 

Конституциялық өзгерістер нәтижесінде елдің саяси жүйесінде бірқатар маңызды реформалар жүзеге асты. Атап айтқанда, Конституциялық сот қайта құрылды, Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, сондай-ақ «Елбасы» мәртебесіне қатысты бірқатар нормалар Конституциядан алынып тасталды.

2024 жыл: Атом электр станциясы туралы шешім шықты 

Қазақстандағы төртінші республикалық референдум 2024 жылғы 6 қазанда өтті. Бұл жолы елде атом электр станциясын салу мәселесі халықтың талқысына шығарылды.

Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, 12 284 487 азамат дауыс беру тізіміне енгізілді. Бүкілі 7 820 204 адам референдумға қатысты. 

Нәтижесінде 5 561 937 азамат немесе шамамен 71 пайыз – АЭС салуды қолдады, ал 2 045 271 адам қарсы дауыс берді

Референдум қорытындысы бойынша Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Алдын ала жоспар бойынша нысан Алматы облысындағы Балқаш көлінің маңында салынуы мүмкін.

2026 жыл: Жаңа Конституция референдумы

Қазақстанда кезекті республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді. Бұл жолы азаматтар жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі бойынша дауыс береді. Алдын ала деректер бойынша, дауыс беру тізіміне 12,4 миллионнан астам азамат енгізілген. 

Референдум бюллетенінде мынадай сұрақ қойылады: «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?». 

Сайлаушылар екі жауаптың бірін таңдай алады:

  • «Иә, қабылдаймын»
  • «Жоқ, қабылдамаймын».

Референдумдардың маңызы неде? 

Қазақстандағы республикалық референдумдар мемлекет дамуының маңызды кезеңдерін айқындаған саяси құрал ретінде қолданылып келеді.

1995 жылғы дауыс берулер қазіргі мемлекеттік жүйенің құқықтық негізін қалыптастырса, 2022 жылғы референдум саяси реформалардың жаңа кезеңін бастады. Ал 2024 жылғы референдум энергетика саласындағы стратегиялық бағытты анықтады.

Алдағы 2026 жылғы референдум Қазақстанның мемлекеттік құрылымына қатысты тағы бір маңызды саяси шешім қабылдануы мүмкін кезең ретінде қарастырылып отыр.

Наверх