Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрлігі Еуропалық комиссияның Еурокомиссары Стелла Кириакидис (Stella Kyriakides) Еуропалық Парламент сессиясында Қазақстандағы жағдайға орай қарар жобасының енгізілуіне байланысты сөйлеген сөзін жариялады.
Президент мырза, біз осы айдың басында Қазақстанда, атап айтқанда Алматыда болған және бұрын-соңды болмаған зорлық-зомбылыққа таңқалдық. 2 қаңтарда басталған алғашқы бейбіт наразылықтар мен бүкіл елді шарпыған одан кейінгі зорлық-зомбылық арасындағы айырманы нақты ажырату керек, соның салдарынан президент төтенше жағдай енгізіп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын (ҰҚШҰ) террористік шабуылдар деп атаған оқиғаға қарсы тұру үшін көмекке шақырды. Мұздай қаруланған және арнайы дайындықтан өткен агрессивті топтар бейбіт наразылықтар ретінде басталған шеруді билеп-төстеп алғанын нақты көруге болады. Алайда, олардың кімдерге тиесілі екені және уәж-дәлелдері түсініксіз күйде қалды, - деді ол.
Стелла Кириакидистің пікірінше, бұл топтар кейбір әскерилендірілген құрылымдармен байланысты болуы мүмкін, бұл жағдайда олардың құрылуы мен жұмыс істегені кейбір күштік құрылымдардың тасасында өрбігенін көрсетеді.
Бұрынғы президентпен және қазіргі президент Тоқаевпен байланысты топтар арасындағы сабақтастық пен ресурстарға қолжетімділікке қатысты күрес арасында да байланыс болуы мүмкін. Бұл кезеңде осы оқиғаларға сыртқы күштердің де қатысты болуын жоққа шығаруға болмайды. Ресми ақпарат көздеріне сүйенсек, бастапқыда 10 000-ға жуық адам ұсталған, бірақ олардың көпшілігі босатылған. Оқиға барысында 225 адам қаза тапты, оның ішінде 19 күштік құрылымдардың қызметкері, 5000-ға жуық адам жарақат алды, -дейді ол.
Оның айтуынша, ҰҚШҰ тарихында алғаш рет шамамен 2030 әскери қызметші тартылды, әскердің басым бөлігі Ресейден жіберілді.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, 13 қаңтарда басталған ҰҚШҰ әскерлерінің шығарылуы бүгін аяқталды. Оқиғаларды ресми тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта дағдарыстың күрделілігіне орай оған абайлап түсіндірме беруді және жіті ден қоюды талап етеді. ЕО-ның елге қатысты одан арғы саясаты туралы қорытынды жасауға әлі ерте шығар. Шешімін таппаған мәселелер көп, оның ішінде шабуылдаушылардың қайдан және кімдер екені, түпкі ойлары қандай екені түсініксіз, - деді ол.
Еуропалық комиссияның Еурокомиссары билікпен жүргізілген келіссөздерде оқиғаларды, оның ішінде адам құқықтарының бұзылуы мәселесін толық, ашық және тәуелсіз түрде тергеп-тексеруге шақырғанын айтты.
Бейбіт наразылық білдірушілерге қылмыскер ретінде қарауға болмайды. Осыған орай Президент Тоқаевтың бейбіт демонстрацияларға қатысушылар қылмыстық қудалауға ұшырамауы тиіс деп мәлімдеме жасағанын атап өтеміз. Осы қайғылы оқиғаларды тергеп-тексеру нәтижелері бізге ашық түрде жеткізіледі деп күтеміз. Президент Тоқаев маңызды әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізуге міндеттенді. Алайда біз Қазақстанды саяси реформалар мен демократияландыруды жалғастыруға шақырамыз және әріптестік пен ынтымақтастық туралы кеңейтілген келісіміміздің ажырамас бөлігі ретіндегі осы реформаларды қолдауды жалғастырамыз, - деді ол.