Қазақстанның бірнеше өңірінде синтетикалық есірткіге қарсы күрес күшейіп келеді. «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жетісу және Шымкент қалаларында бірқатар заңбұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу облысында полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыстық прокуратураның үйлестіруімен, Алматының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 13-16 қыркүйек аралығында психоактивті зат – мефедронды заңсыз сатып алып, бір бөлігін өзі тұтынған, қалғанын өзімен бірге алып жүрген.
16 қыркүйектен 17 қыркүйекке қараған түні бойжеткен Алматыдан таксимен Талдықорғанға бағыт алып, сөмкесінде 15 түйіншек есірткі алып шыққан. Текелі қаласына кіреберісте полицейлер оны дер кезінде тоқтатып, жеке тінту барысында ұнтақ тәрізді зат салынған түйіншектер мен есірткіні қолдануға арналған құралдарды тапқан. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың мефедрон, яғни меткатинон (эфедрон) психотроптық затының аналогы екені анықталды.
Күдіктінің қан құрамынан мефедрон, меткатинон, а-PVP және каннабиноид метаболиттері табылған. Жалпы салмағы 3,03 грамм – заң бойынша аса ірі көлем саналады. Қазір ол қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен іс қозғалды.
Шымкентте де осы тектес дерек тіркелді. Қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Қарасора-2025» операциясы барысында синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан екі шетел азаматын ұстады. Олардың жалға алған көлігінен сатуға дайын 22 пакет мефедрон табылды. Бұдан бөлек, алдын ала жасырылған орындардан тағы 46 орама есірткі алынды. Жалпы тәркіленген заттың салмағы 200 грамнан асты.
Сонымен қатар, Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны мен Шымкенттің жергілікті тұрғыны да аса ірі көлемдегі есірткі сақтағаны үшін ұсталды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменттері азаматтарға есірткіні дайындау, сақтау, сату немесе тасымалдау – ауыр қылмыс екенін және заң бойынша бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.
Бір сәттік қателік пен тәуелділік – бүкіл өмірді құртады. Есірткі – болашағы жоқ жол, – дейді полицейлер.