Қазақстандағы экологиялық форумға 2,7 млрд теңге жұмсалады

Аталған форумды өткізуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 11 Наурыз 2026, 20:28
11 Наурыз 2026, 20:28
1093
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда 22-24 сәуір аралығында өңірлік экологиялық форум өтеді. Іс-шара БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Президент көтерген бастама аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрдің айтуынша, форумның алдын ала бюджеті шамамен 2,7 млрд теңгені құрайды. Алайда оны өткізуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Қазіргі есеп бойынша бюджет шамамен 2 миллиард 700 миллион теңге болады. Бірақ бұл қаржының бір тиыны да мемлекеттік бюджеттен алынбайды. Барлығы демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асады, – деді Нысанбаев.

Форум аясында экологиялық технологиялар мен шешімдердің халықаралық көрмесі де өтеді. Оған әлемнің 20 елінен шамамен 160 компания қатысып, экология саласындағы заманауи әзірлемелерін таныстырады.

Министрдің айтуынша, қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға арналған жаңа технологияларды алып келеді.

Олар өздері енгізіп, қолданып жүрген жаңа технологияларды ұсынады. Бұл өте пайдалы болады деп ойлаймын. Форум алаңында бірқатар келісімшарттарға қол қойылуы мүмкін, – деді министр.

Көрмені өткізу үшін шамамен 12 мың шаршы метр аумақ пайдаланылмақ. Экспозицияны ұйымдастыру шығындарын да көрмеге қатысушы компаниялар өздері көтереді.

Көрме толықтай осы 160 компанияның қаражаты есебінен өткізіледі. Яғни бұл шараға да бюджеттен қаржы жұмсалмайды, – деп атап өтті Экология министрлігінің басшысы.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, форум өңірдегі негізгі экологиялық мәселелерді талқылауға және халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға арналған маңызды алаңға айналады.

Форум барысында Арал теңізінің мәселесі, Каспий теңізінің жағдайы, мұздықтардың еруі, трансшекаралық өзендер және басқа да өзекті экологиялық проблемалар қаралады.

Форумда халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларымен диалог жүргізуге мүмкіндік болады. Олар бұл мәселелерге қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр, – деді министр.

Оның айтуынша, мұндай халықаралық шаралар «жасыл» инвестицияларды тартуға және өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған халықаралық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.

Наверх