- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстандағы барлық банк тұрақты жұмыс істеп тұр ма? Агенттік жауабы
Қазақстандағы барлық банк тұрақты жұмыс істеп тұр ма? Агенттік жауабы
Қазақстанда қаржылық жағдайы күрделі банктердің бар-жоғы туралы тың деректер.
31 Шілде 2026, 07:30
Қазақстанда енді мемлекет қаржылық қиындыққа тап болған барлық банкті құтқармайды. Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік қолдау тек жүйе құраушы банктерге ғана көрсетіледі. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері елдегі проблемалық банктердің саны туралы айтып, олардың қаржылық тұрақтылығы қалай бағаланатынын түсіндірді.
Қазақстандағы барлық банк тұрақты жұмыс істеп тұр
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов журналистермен кездесуде Қазақстанда қаржылық жағдайы күрделі банктер туралы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, реттеуші нақты банктердің атауын жариялай алмайды, өйткені бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.
«Реттеуші ретінде біз нақты қай банктің мәселесі бар екенін жария түрде айта алмаймыз. Бұл қаржы тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін», - деді ол.
Банктер төрт тәуекел аймағы бойынша бағаланады
Тимур Әбілқасымовтың айтуынша, агенттік барлық банкті арнайы SWAP моделі арқылы бағалайды.
«Бізде SWAP деп аталатын модель бар. Оның әдістемесі де, бағалау көрсеткіштері де агенттіктің ресми сайтында жарияланған», - деді ол.
Оның сөзінше, бұл модель бойынша банктер төрт тәуекел аймағына бөлінеді.
«Бірінші аймақ - ең тұрақты банктер. Ал төртінші аймақ - «қызыл аймақ» деп аталады. Қазіргі таңда осы аймақтағы банктердің үлесі шамамен 0,5 пайызды ғана құрайды», - деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.
Айта кетейік, қызыл аймақ - қаржылық проблемалардың бар екенін емес, тәуекел деңгейінің жоғары екенін білдіреді.
Халықаралық агенттіктер де банк жүйесінің тұрақтылығын мойындап отыр
Әбілқасымовтың айтуынша, жалпы алғанда Қазақстанның банк жүйесі тұрақты күйде.
«Бүгінде барлық банк тұрақты жұмыс істеп тұр. Сондықтан қаржы жүйесі жақсы нәтижелер көрсетіп келеді», - деді ол.
Оның сөзінше, мұны халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағалауы да растайды.
«Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстанның банк секторына қатысты BICRA рейтингі 9-деңгейден 7-деңгейге дейін жақсарды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің одан әрі жақсарады деп күтеміз», - деді Тимур Әбілқасымов.
Барлық банк ХВҚ стандарттары бойынша бақыланады
Агенттік төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, қаржы ұйымдарының тұрақтылығы тұрақты түрде бақылауда болады.
«Біз жыл сайын банктердің қаржылық тұрақтылығын, бизнес-процестерін және корпоративтік басқару сапасын бағалаймыз. Бұл - сапалық және сандық көрсеткіштерге негізделген кешенді талдау», - деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстандағы барлық банк Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) стандарттарына сәйкес қадағаланады.
«Қазіргі таңда барлық банкке қатысты Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкес бақылау жүргізіледі. Қаржылық тұрақтылық пен реттеу режимі тұрақты қадағалауда», - деп түйіндеді Тимур Әбілқасымов.
Жаңа механизмнің басты ерекшелігі - ашықтық
Бұған дейін Қазақстанда жақында қабылданған жаңа «Банктер туралы» заң аясында проблемалық банктерді реттеудің жаңа тетігі енгізілгенін, енді мемлекет барлық банкке бірдей көмектесе бермейтінін хабарлаған едік. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың пікірінше, жаңа жүйенің бұрынғы тәжірибеден ең үлкен айырмашылығы - мемлекеттік қолдау рәсімінің ашық әрі түсінікті болуы.
«Жаңа механизмнің басты артықшылығы - оның ашықтығы мен түсініктілігі. Мемлекеттік қолдау енді тек республикалық бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі», - деді ол.
Оның айтуынша, республикалық бюджет қаражаты пайдаланылатындықтан, мұндай шешім міндетті түрде Парламенттің қарауынан өтеді.
«Бұл қаражат депутаттардың қолдауына ие болуы тиіс. Тек содан кейін ғана Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүйе құраушы банкке мемлекеттік қолдау көрсету туралы бірлескен шешім қабылдай алады», - деді агенттік төрағасының орынбасары.
Ол бұрынғы тәжірибеде Ұлттық банк немесе квазимемлекеттік сектор компанияларының қаражаты пайдаланылғандықтан, бұл шешімдер Парламент арқылы өтпегенін, сондықтан ашықтыққа қатысты көптеген сын айтылғанын атап өтті.
Бұдан былай тек бір ғана қолдау құралы қолданылады
Олжас Қизатов жаңа заң күшіне енгеннен кейін бұрын қолданылған түрлі мемлекеттік қолдау тетіктері пайдаланылмайтынын мәлімдеді.
«Бұдан былай облигациялар сатып алынбайды. Мемлекеттік қолдау тек банктің капиталына тікелей қатысу, яғни республикалық бюджет есебінен жай акцияларды сатып алу арқылы ғана жүзеге асырылады», - деді ол.
Оның айтуынша, егер банктің капиталы, акционерлердің қаражаты және TILAP тетігі арқылы шығын толық өтелмесе, жүйе құраушы емес банктерге қатысты тек реттеу шаралары қолданылады. Ал экономика үшін маңызы жоғары жүйе құраушы банктерге ғана мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім қабылдануы мүмкін.
«Жаңа механизмнің бұрынғы жүйеден басты айырмашылығы - оның ашық әрі түсінікті болуы. Енді мемлекеттік қолдаудың түрлі құралдары болмайды. Проблемалық несиелерді сатып алу, субординацияланған облигациялар шығару немесе депозиттерді облигацияларға айырбастау тәжірибесі тоқтатылады. Бір ғана қолдау тетігі қалады - банктің капиталына тікелей кіру. Қаржының жалғыз көзі - республикалық бюджет», - деп түйіндеді Олжас Қизатов.
Ең оқылған:
- Мектеп формасына қатысты маңызды мәлімдеме жарияланды
- Анасына құрметсіздік танытқан Сәтбаев тұрғыны қамауға алынды
- Санаулы секунд: Ақтауда 10-қабаттың терезе жақтауында тұрған бала құтқарылды
- Талдықорғанда жағажайдан ер адамның денесі табылды
- Украина дрондары Ресейдегі Wildberries қоймаларын тағы атқылады
Сымбат Сатыбалдина