Қазақстандағы ауылдардың 92 пайызы оптикалық интернетке қосылады

Келесі жылы оптикалық интернет елдегі ауылдардың 92 пайызына жетеді.

 istockphoto.com 24 Қараша 2026, 10:18
24 Қараша 2026, 10:18
88
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда интернет сапасын жақсарту және шалғай елді мекендерді байланыспен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл телекоммуникация саласына кемінде 500 миллиард теңге инвестиция салу жоспарланған. Ал келесі жылы оптикалық интернет елдегі ауылдардың 92 пайызына қолжетімді болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, байланыс саласын дамыту – елді цифрландырудың негізгі шарттарының бірі. Басты мақсат – цифрлық теңсіздікті жойып, қай жерде тұрса да әр азаматқа цифрлық мүмкіндіктерді бірдей пайдалану жағдайын жасау.

«айланыс саласы тұрақты өсіп келеді. Биыл салаға кемінде 500 миллиард теңге инвестиция салынуы күтіледі. Сонда үш жылда салынған инвестицияның жалпы көлемі 1,3 триллион теңгеден асады. Соңғы екі жылда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін өсті. Болжам бойынша, биыл интернет-трафик көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өседі, – деді Жаслан Мәдиев.

Қазір Қазақстанда 6 060 ауыл бар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында биыл жыл соңына қарай оптикалық желі тартылған ауылдардың саны 3 704-ке жетеді. Бұл елдегі ауылдардың 61 пайызына тең.

Келесі жылы тағы 1 863 ауылға оптикалық желі жеткізу жоспарланып отыр. Осы жұмыстар аяқталса, ауылдардың 92 пайызы оптикалық интернетпен қамтылады. Ал қалған 8 пайызы, яғни желі тарту қиын шалғай ауылдар спутниктік интернетке қосылады.

Жобаның іске асу барысы ерекше бақылауда. „Қазақтелеком“ жұмысты жеделдетіп, жоспарланған шараларды белгіленген мерзімде аяқтауға тиіс, – деді вице-премьер.

Қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар. Министрлік 3G базалық станцияларын жаңартып, 4G желісіне көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге қалалар мен ауылдарда 5G желісі кеңейтілуде.

2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тарту жоспарланған. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нәтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады.

Бұл ретте жергілікті әкімдіктерге де міндет жүктелген. Олар базалық станцияларды орнату үшін жер учаскелерін уақытында бөліп, электр желісін тартуы керек. Бұл байланыс операторларына желіні жылдам кеңейтуге мүмкіндік береді.

Наверх