Алғыс айту күнінде Астанада Қазақстандағы алғашқы көпұлтты «BIRLIK» ән-би ансамблінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Мәжіліс және Сенат депутаттары, дипломатиялық корпус, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Қазақстан – біртұтас ұлт, еліміздің әрбір этносы достықты, үйлесім мен келісімді нығайтуға өзінің өлшеусіз үлесін қосып отырған команда деп айтуға болады. Біз өзіміздің іргелі құндылықтарымызға берік болуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде.
Президент этносаралық және конфессияаралық келісімді, ұлттық брендке айналған өзге мәдениетке толеранттылықты нығайту міндетін алға қойып отыр.
Шығармашылық ұжым Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан жанды аспаптық сүйемелдеумен әлем халықтарының билерін зерделейтін және кәсіби деңгейде орындайтын халықаралық ұжымды қалыптастыру, өскелең ұрпақты басқа ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ қоғам санасында мәдени код ретінде көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту мақсатында құрылды.
Ансамбльды құру барысында репертуар жасалып, әртүрлі ұлт өкілдері мен мультиинструменталистер арасынан 20 үздік биші мен музыкант іріктеліп, үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді.
Би нөмірлері мен ерекше композицияларды қою мақсатында бірлесіп жұмыс істеу, тәжірибе алмасу үшін танымал шетелдік хореографтар шақырылды.
Олардың қатарында, Өзбекстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Эвелина Протасова, Одилбек Орипов, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Омбы мемлекеттік орыс халық хорының бас балетмейстері Зуфар Толбеев, Татарстан Республикасының Халық әртісі, Татарстан Республикасының Мемлекеттік ән-би ансамблінің педагог-хореографы Ляйсан Хаметова, отандық хореографтар Аида Бекішева, Анель Марабаева, Жаңатай Қожабек бар.
Мэтрлер мен жас орындаушылар көпшілікке арналған және жеке хореографиялық композициялар мен аспаптық, вокалдық нөмірлерді орындады. Солардың бірі – қазақ биі «Күй шашу», ЮНЕСКО Дүниежүзілік Ұйымына әлемнің материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енген Әзербайжан халық биі «Яллы», «Ағаш үйдің маңында» неміс полькасы, ҚР халқының әндерінен попурри, ұйғыр биі, корей, татар билері және т.б. орындалды.
Айта кетейік, Қазақстанда тұратын этностардың фольклорын насихаттау мақсатында репертуар жаңарып, дамыту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ансамбль құрамында жастармен қатар алыс-жақын шетелдердегі Достық елшілері атанған Қазақстанның жетекші орындаушылары да болады.