Қазақстандағы 11 автокөлік зауытында төтенше жағдайлардың алдын алу және көлік құрастыру сапасын бақылау үшін жасанды интеллект технологиялары енгізілді. Бұл туралы Үкіметтің апталық отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде жеңіл автокөліктер, автобустар, жүк және арнайы техникалар шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл кәсіпорындарда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның сөзінше, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елімізде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ахуалдық орталық іске қосылған. Жүйе өндіріс орындарындағы ықтимал тәуекелдерді, төтенше жағдайлар мен түрлі ауытқуларды жедел анықтап, оларды жою бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Интеллектуалды платформа бейнебақылау камераларынан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін мәліметтерді үздіксіз талдайды, – деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар автозауыттарда дәнекерлеу жұмыстарының сапасын бақылауға арналған талдамалық жүйелер де қолданыла бастады.
Белгілі болғандай, Қазақстанда «Астана» атауымен жаңа автобус бренді шығарылады. Дизельді және газбен жүретін автобустардың өндірісі биыл қарашада, электр автобустары 2027 жылы іске қосылады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда үш жаңа автокөлік бренді шығарылады: Өндіріс қашан басталады?
Автоөнеркәсіпке 10 мыңнан астам маман қажет: Қандай жаңа кәсіптер пайда болады?