Автоөнеркәсіпке 10 мыңнан астам маман қажет: Қандай жаңа кәсіптер пайда болады?

Алдағы үш жылда автомобиль жасау саласына 10 мыңнан астам инженерлік және жұмысшы кадр қажет болады.

 21 Шілде 2026, 11:26
21 Шілде 2026, 11:26
329

Қазақстанда жаңа кәсіптер мен құзыреттерге арналған тоғыз салалық және 20 өңірлік атлас әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министрдің айтуынша, олардың қатарында машина жасау саласына тікелей қатысты «Машина жасау» және «Көлік және логистика» салалық атластары, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанай облыстарының өңірлік атластары бар.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 31 жаңа мамандық айқындалып, қолданыстағы 22 мамандықтың мазмұны жаңартылатын болады. Осы өзгерістер негізінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, еңбек нарығының сұранысына бейімдеп жатыр, – деді Саясат Нұрбек.

Оның сөзінше, кадрларға деген қажеттілікті анықтау мақсатында еліміз бойынша 73 мың кәсіпорынның қатысуымен ауқымды сауалнама жүргізілген. Оның ішінде 92 кәсіпорын автоөнеркәсіп саласында жұмыс істейді.

Сауалнама қорытындысы бойынша алдағы үш жылда автомобиль жасау саласына инженерлік және жұмысшы мамандықтары бойынша 10 мыңнан астам кадр қажет болады, – деп толықтырды министр.

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда қандай автокөліктер шығарылатынына тоқталған болатын. 

Тағы оқи отырыңыз: Бампер, электр сымдары, дискілер: Қазақстанда жаңа өнеркәсіптік кластерлер дамып жатыр 

Наверх