Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда жүргізушілердің мас күйін тексеру ережесі өзгеруі мүмкін

Бүгiн, 14:57
142
Бөлісу:
 depositphotos.com
Фото: depositphotos.com

Сенатор Жанна Асанова депутаттық сауалында алкогольге, есірткіге немесе уытқұмарлыққа байланысты мас күйде болған адамдарды медициналық куәландыру жүйесінде қордаланған мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бүгінде бұл рәсім инфрақұрылымы әлсіз әрі нақты сұранысқа сай келмейтін мемлекеттік медициналық мекемелерде жүргізіліп отыр.

Депутат екі миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласын мысалға келтірді. Қалада небәрі екі ғана мемлекеттік зертхана жұмыс істейді, ал мас күйінде ұсталған азаматтарды медициналық тексеруден өткізу үшін полиция қызметкерлері сол зертханаларға апаруға мәжбүр.

Жанна Асанованың сөзінше, қолданыстағы жүйе шамадан тыс орталықтандырылған. Бұл өз кезегінде іс жүргізу барысында қиындықтар туғызып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады, тексеру нәтижелерінің шынайылығына деген сенімді әлсіретеді және көп уақыттың кетуіне себеп болады. Мұның бәрі құқық қорғау органдарының жалпы жұмысының тиімділігіне кері әсерін тигізеді.

Баламалы нұсқаның болмауы сараптама қорытындыларына деген сенімді азайтып, теріс пайдаланушылыққа жол ашады. Зертханалардың қашықтығы мен шамадан тыс жүктемесі уақыттың айтарлықтай жоғалуына әкеп соғады, сондай-ақ азаматтарда мекемені таңдау немесе тәуелсіз қайта тексеруден өту мүмкіндігі іс жүзінде жоқ. Бұдан бөлек, кейбір зертханалардың жұмыс жүктемесінің жоғары болуы және жарақтандырылуының жеткіліксіздігі сынамаларды іріктеу, сақтау және талдау әдістемелерінің бұзылу қаупін тудырады, - деді Жанна Асанова.

Депутаттың айтуынша, бүгінде синтетикалық заттар мен аралас мас болудың заманауи түрлері әлдеқайда терең әрі кең ауқымды зерттеуді талап етеді. Ал мұндай зерттеулерді мемлекеттік мекемелердің шектеулі желісі толық көлемде қамтамасыз ете алмай отыр. Сонымен бірге Қазақстанда заманауи жабдықтармен қамтылған, білікті мамандары бар жеке зертханалардың дамыған жүйесі бар. Алайда сол мүмкіндіктер қазіргі медициналық куәландыру тәртібінде іс жүзінде қолданылмай келеді.

Біз аккредиттелген жеке зертханаларды тізілімге енгізе отырып, медициналық куәландыру моделін енгізу мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл ретте зертханаларды жұмысқа жіберу, аккредиттеу және зерттеу нәтижелерін процестік тану тетіктерін, сондай-ақ зертхананы таңдау және қайта зерттеу жүргізу мүмкіндігін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме түсірмей, қаржыландыру мәселелерін қоса алғанда, осы модельді іске асыру тәртібін айқындауды ұсынамыз, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы