Қазақстан Көлік министрлігі ел аумағында автобустар мен ауыр жүк көліктері жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауын тексеру бойынша арнайы акция басталғанын хабарлады. Тексеру 20 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрліінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты мақсат – жол қауіпсіздігін арттыру және көлік жүргізушілерінің шамадан тыс жұмыс істеуіне жол бермеу. Бұл ретте цифрлық тахографтар – жүргізушілердің қозғалысы, жылдамдығы, жұмыс және демалыс уақыты туралы мәліметтерді тіркейтін құрылғылар – басты бақылау құралына айналады, - делінген ақпаратта.
Тахографтармен келесі көлік түрлері міндетті түрде жабдықталуы тиіс:
- қауіпті жүктерді тасымалдайтын көліктер;
- жолаушыларды, багажды және жүктерді халықаралық бағытта тасымалдайтын көліктер;
- облысаралық, қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар;
- тұрақты емес бағыттармен қатынайтын ауданаралық көліктер.
Министрліктің еске салуынша, қолданыстағы ережеге сәйкес жүргізуші көлікті күн сайын 9 сағаттан артық басқармауы керек. Төрт жарым сағат үздіксіз жүргізгеннен кейін кемінде 45 минут демалу міндетті.
Егер бұл талаптар сақталмаса, жүргізушілерге – 10 АЕК (яғни 39 320 теңге), ал көлік компанияларына – 5-тен 50 АЕК-ке дейін (19 660-тан 196 600 теңгеге дейін) айыппұл салынады.
Бұл шара көлік апаттарының алдын алу және жүргізушілердің денсаулығын қорғау мақсатында қолға алынып отыр. Ведомство өкілдері тасымалдаушылар мен жүргізушілерді заңды сақтауға және жолаушылар мен жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.