Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда ЖИ-офицерлерін оқыту басталды

Бүгiн, 21:21
128
Бөлісу:
 Жасанды интеллект
Фото: Жасанды интеллект

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев алғашқы AI Governance 500 стратегиялық бағдарламасындағы оқу легінің ашылуына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба мемлекеттік секторда жасанды интеллект технологияларын ауқымды түрде енгізу үшін басшыларды даярлауға бағытталған.

Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясына тартылатын мамандарды даярлаудың маңызын айқындайды. Бағдарламаны ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп жүзеге асыруда.

100 басшы қатысып отырған оқу бағдарламасының ашылуына сондай-ақ Президент көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай және Президент Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі Қаныш Төлеушин қатысты.

Мақсатымыз – мемлекетті адамдар мен экономика үшін жылдам әрі тиімді ету. AI Governance 500 бағдарламасы деректерге негізделген басқару, бірыңғай жүйе және өтпелі үрдістер арқылы жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізетін басшылар, яғни “цифрлық офицерлер” пулын қалыптастырады. Бұл жұмыста әрбір басшы шешуші рөл атқарады, өз саласында цифрлық және ЖИ-шешімдерді енгізуге жауап береді. Сондықтан әрқайсымыз үшін ойлау жүйесі мен басқарушылық тәсілдерді қайта қарау арқылы “цифрлық офицерге” айналу маңызды, — деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

AI Governance 500 мемлекеттік секторда ведомствоаралық цифрлық жобаларды бастауға және сүйемелдеуге, олардың үйлесімділігін қамтамасыз етуге және Digital Qazaqstan тұжырымдамасы аясындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге қабілетті цифрлық басшылар – ЖИ-офицерлердің кадрлық пулын қалыптастыруға бағытталған.

Оқу бағдарламасына Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппараты құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, салалық вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы орган аппараттарының басшылары, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың жетекшілері қатысуда.

Бағдарлама жасанды интеллектінің рөлі мен цифрлық мемлекет құрылымын стратегиялық деңгейде түсінуден бастап – ведомство мен өңірлерде енгізуге дайын цифрлық трансформация мен AI-бастамалардың қолданбалы жобаларын әзірлеуге дейін ашық, жүйелі түрде құрылған.

Өзгелердің жаңалығы