Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектке негізделген басым жобалардың тізімі қалыптастырылды. Олар әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға және медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Негізгі бағыттардың қатарында: инсультті, өкпе обырын және сүт безі обырын ерте анықтау, сондай-ақ жасанды интеллектті қолдана отырып стоматологиялық рентген-суреттерді талдау бар. Бұл шешімдер бүгінде тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесіне енгізіліп, ауқымы кеңейіп келеді.
Қазір отандық медицина мамандары түрлі ІІ-сервистерін белсенді пайдаланып отыр. Мәселен, Cerebra жүйесі бес өңірдегі II және III санаттағы тоғыз инсульт орталығында қолданылады. WDsoft шешімі 10 өңірдегі 190 медициналық ұйымда енгізілген. Ал AIDENTIS платформасы 65 стоматологиялық клиникада және үш медициналық жоғары оқу орнында іске қосылған.
Медицина қызметкеріне арналған ІІ-көмекші ALIMA ел бойынша 700-ден астам емханада қолданылады.
Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы көрсетілген медициналық қызметтерді автоматтандырылған мониторингтен өткізу, клиникалық шешім қабылдауды қолдау, зертханалық талдаулардағы ауытқуларды анықтап, дәрігер мен пациентке хабарлама жіберу, сондай-ақ сұраныс бойынша медициналық ұйымдар мен мамандар туралы өзекті ақпарат ұсыну үшін ІІ-агенттерді әзірлеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Алдағы уақытта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізуге арналған ІІ-құралдарын енгізу, сондай-ақ SmartЭКГ шешімдері негізінде созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау жобаларын іске қосу жоспарланып отыр.