Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісі 260 млрд теңгеге жетті

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда сала тұрақты өсім көрсеткен.

 freepik Бүгiн 2026, 08:42
Бүгiн 2026, 08:42
175
Фото: freepik

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысы өтті. Жиында жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талқылауға салалық қауымдастықтар мен ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Qaz Textile Industry ұлттық бірлестігі, сондай-ақ «AZALA Group», «Qazaq Tigin Fabrikasy», «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы», «Глобал-Арнайыкиім», «ТаразТеріАяқкиім» секілді кәсіпорындар бар.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда сала тұрақты өсім көрсеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өндірісі 13,2%-ға өсіп, 260 млрд теңгеге жетті. Сала құрылымында тоқыма өндірісі – 60%-дан астам, киім өндірісі – 32%, ал аяқ киім мен былғары бұйымдары – 6,5%-ды құрайды. Кәсіпорындардың 97%-дан астамы шағын бизнес субъектілері.

Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақта мен теріні терең өңдеу, синтетикалық талшық өндірісін кеңейту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру арқылы жүзеге асырылмақ. 2025 жылы Қазақстанда 466 мың тонна мақта жиналып, 116,1 мың тонна мақта талшығы, 500 тонна иірілген жіп, 5,2 млн шаршы метр мата және 28,6 млн дана дайын тоқыма бұйымы өндірілді.

Вице-министр Олжас Сапарбековтің айтуынша, бір тонна мақта талшығын өңдеу 1 650 данаға дейін дайын тоқыма өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Шикізатты толық өңдеу әлеуеті 1,67 млрд доллар қосылған құн қалыптастырып, 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады.

Қазір салада бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «KazFeltec» оқшаулағыш материал өндірісі, «Талшықтекс» полипропилен геокенеп өндірісі және Түркістандағы мақта-мата иірілген жіп жобасы бар.

Сонымен бірге қатысушылар шикізат базасын дамыту, өндірісті жаңғырту, сатып алу тетіктерін жетілдіру және қаржылық қолдау шараларын кеңейту қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Серік Жұманғарин жеңіл өнеркәсіп халықты жұмыспен қамту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе Түркістан облысында бұл саланы дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Министрлікке бизнеспен бірлесіп саланы дамытудың нақты бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

Наверх