- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда жастардың мобильді аударымдарына биометриялық тексеру енгізілуі мүмкін
Қазақстанда жастардың мобильді аударымдарына биометриялық тексеру енгізілуі мүмкін
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
7 Қазан 2026, 13:02
Құрылтай депутаты Дидарбек Ділдәбек жастардың синтетикалық есірткі тасымалы мен дропперлікке тартылуының алдын алу үшін бірқатар шара қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, жастарды синтетикалық есірткі тасымалына және банк шоттары арқылы заңсыз қаржы айналымына тарту қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылы елімізде 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Оның ішінде 67 жасөспірім сотталған. Ал 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылған, 59 жасөспірім сотталған.
Осылайша, биылғы тоғыз айда сотталған кәмелетке толмағандардың саны өткен жылғы толық көрсеткіштің 88 пайызына жеткен.
Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді, – деді Дидарбек Ділдәбек.
Депутат жастарды қылмыстық әрекеттерге тартудың тағы бір өзекті бағыты – дропперлік екенін атап өтті.
Құқықтық статистикаға сәйкес, 2026 жылғы маусымның басына қарай дропперлікке қатысты өндірісі аяқталған істер бойынша күдікті болған 214 адамның 159-ы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Олардың 140-ы құқық бұзушылық жасаған кезде жұмыссыз болған.
Дидарбек Ділдәбектің пікірінше, бұл қылмыстың алдын алу шараларын жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен қатар жүргізу қажеттігін көрсетеді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың банктік шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операция жүргізілген.
Депутат мәселені тек қылмыстық қудалау арқылы шешу мүмкін емес екенін айтты. Оның сөзінше, қаржылық бақылау, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жастарды әлеуметтік қолдау шаралары өзара үйлесуі қажет.
Оқу жылының басында білім алушыларды ақшалай сыйақымен қызықтырып, банк шоттарын ашуға және өзге адамдардың пайдалануына беруге тарту алаңдатады. Жеңіл табысқа сеніп, шотын «жалға берген» жастар оның заңсыз қаржы айналымына пайдаланылу қаупін және өз жауапкершілігін жете түсіне бермейді, – деді ол.
Депутат оқу орындарындағы профилактикалық жұмысты да күшейту қажет деп санайды. Оның айтуынша, бірінші курс студенттерімен түсіндіру жұмыстары, құқық қорғау органдарының оқу орындарындағы тәрбие ісіне жауапты қызметкерлермен және психологтармен байланысы жүйелі түрде жүргізілуі керек.
Есірткі мессенджерлер мен QR-кодтар арқылы таралып жатқанда, профилактиканы граффити өшірумен шектеу жеткіліксіз, – деді Құрылтай депутаты.
Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы бірқатар ұсыныс жасады.
Біріншіден, оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын өзге адамдарға берудің қаупін түсіндіруді жүйелі түрде ұйымдастыру ұсынылды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының оқу орындарының қызметкерлері және психологтарымен тұрақты бірлескен жұмысын жолға қойып, профилактикаға қатысатын мамандарды жастармен жұмыс істеуге арнайы даярлау қажет.
Екіншіден, жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту ұсынылды. Атап айтқанда, 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Сондай-ақ студенттерді банк шоттарын сыйақыға беруге тарту мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасу тетігін енгізу ұсынылды.
Үшіншіден, «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік осал жастардың қажеттіліктерін анықтап, атаулы көмек көрсету ұсынылды. Оның ішінде мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен және киімге арналған ваучерлермен қамту, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар базасында еңбек заңнамасына сай күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыру мәселесін қарастыру ұсынылды.
Төртіншіден, құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім беру салаларының тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейту қажет.
Жастарға заңды табыс табуға мүмкіндік беру және уақтылы әлеуметтік қолдау көрсету – оларды қылмыстық ортадан қорғаудың маңызды шарты, – деді депутат.
Ең оқылған:
- Қазақстанда алкогольге ең көп ақша жұмсайтын өңір анықталды
- Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды
- Қар жауып, үсік жүреді: 7 қазанға ауа райы болжамы
- Қазақстанның алты өңірінде жүргізушілерге қар жауатыны туралы ескерту жасалды
- Алматы облысында балаларды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші ұсталды