Соңғы он жылда Қазақстанда тіркелген ұрлық саны айтарлықтай азайған. Егер 2015 жылы ел бойынша мал ұрлығын қоса есептегенде 208,9 мың ұрлық тіркелсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 24,3 мыңға дейін төмендеген. Яғни он жыл ішінде ұрлық саны шамамен тоғыз есеге қысқарған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Finprom.kz мәліметінше, ең үлкен өзгеріс 2020 жылы байқалды. Сол жылы ұрлық саны бірден 180,2 мыңнан 70 мыңға дейін азайған. Сарапшылар мұны пандемия кезіндегі карантиндік шектеулермен, бақылау мен патрульдеудің күшеюімен байланыстырады.
Одан кейінгі жылдары да төмендеу үрдісі сақталды. 2021 жылы 59,8 мың, 2022 жылы 60,7 мың, 2023 жылы 44,2 мың, 2024 жылы 31,6 мың, ал 2025 жылы 24,3 мың ұрлық тіркелген.
Ұрлықтың барлық негізгі түрлері бойынша көрсеткіш төмендеген. Мәселен, ұялы телефон ұрлығы 2017 жылғы 42,2 мың жағдайдан 2025 жылы 4,9 мыңға дейін қысқарды. Пәтер ұрлығы 38 мыңнан 1,9 мыңға, мал ұрлығы 6,4 мыңнан 1 мыңға дейін азайған. Көлік ұрлығы да бірнеше есе кеміген.
2026 жылы да бұл үрдіс жалғасып отыр. Қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда 12,3 мың ұрлық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1 пайызға аз. Осы уақыт ішінде пәтер ұрлығы 25,4 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 22,3 пайызға, мал ұрлығы 12,8 пайызға төмендеген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ұрлық қылмыстарының ашылу деңгейі 73 пайызға жеткен. Осы санаттағы құқық бұзушылықтар бойынша 5 мыңнан астам адам ұсталып, 600-ге жуық қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.
Өңірлер бойынша ең көп ұрлық Алматы қаласында тіркелген. Биылғы жеті айда мегаполисте 2,8 мың ұрлық фактісі анықталған. Екінші орында Астана қаласы (1,7 мың жағдай). Одан кейін Алматы облысы, Қарағанды және Қостанай облыстары тұр.
Ұялы телефон ұрлығы бойынша да Алматы көш бастап келеді. Қаңтар-шілде айларында мұнда 650 телефон ұрлығы тіркелген. Бұл республика бойынша барлық осындай қылмыстың төрттен бірінен астамын құрайды.
Ал мал ұрлығы көбіне ауылдық өңірлерде кездеседі. Мұндай қылмыстар ең көп Алматы облысында тіркелген. Одан кейін Түркістан және Жетісу облыстары орналасқан. ІІМ дерегіне сәйкес, мал ұрлығының басым бөлігі жануарларды қараусыз жаю салдарынан болады.
Мамандардың айтуынша, ұрлық саны жыл сайын азайып келеді. Дегенмен қылмыстың түрлері өңірлерге қарай әртүрлі болғандықтан, олардың алдын алу шаралары да жергілікті ерекшеліктерге сай жүргізілуі қажет.