Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарының қашан өзгеретіні белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Сенат кулуарында берген сұхбатында айтты.
Айта кетерлігі, жуырда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен америкалық Educational Testing Service (ETS) компаниясы ҰБТ-ны жаңғырту бойынша әріптестік бастаған. Тестілеуді түбегейлі жаңарту жоспарланып отыр. Осыған байланысты БАҚ өкілдері тест сұрақтары қашан және қаншалықты өзгеретінін сұрады.
Америкалық компаниямен жұмысты енді ғана бастап жатырмыз. Бастапқы кезеңдерден: келіссөздер мен меморандумға қол қою үдерістерінен өттік. Әрине, бұл бір күннің немесе бір жылдың жұмысы емес. Бұл ұзақ мерзімді, кезең-кезеңімен жүргізілетін жұмыс. Осыған байланысты 2026 жылы ҰБТ-ның форматы да, мазмұны да өзгермейді, – деп сендірді Гүлзат Көбенова.
Оның айтуынша, бұл жұмыс кезең-кезеңімен іске асады.
2027 жылдан бастап, мүмкін, пилоттық режимде байқап көреміз, одан кейін біртіндеп (сұрақтарды өзгертуге – ред.) көшеміз. Бұл ретте жасанды интеллектіні қолдануды ескере отырып, сұрақтарды жетілдіру бағытында серіктестерімізбен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Әрине, барлық өзгерістер туралы балалар мен талапкерлерге алдын ала толық ақпарат беріледі, – деп атап өтті спикер.
Вице-министрдің айтуынша, барлық сұрақтар бірнеше сараптамалық кезеңнен өтетінін, соның ішінде мазмұндық және техникалық тексерулер жүргізіледі.
ҰБТ кезінде қолданылатын барлық тест тапсырмалары бірнеше сараптамалық кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңде техникалық тексеру жүргізіледі, екінші кезеңде мазмұны қаралады. Осы сараптамалардың барлығы аяқталғаннан кейін ғана сұрақтар ҰБТ-ға енгізіледі. Ғалымдардан, пән мұғалімдері-практиктерден тұратын сарапшылар тобы құрылады. Сондықтан тапсырмалар жан-жақты талқыланып, әзірленіп, сараптамадан өткен соң ғана қолдануға жіберіледі, – деп түйіндеді вице-министр.
Еске салайық, 2025 жылғы 15 желтоқсанда 2026 жылы да ҰБТ бұрынғыдай жылына 5 рет өткізілетіні хабарланған болатын: қаңтар, наурыз және тамыз айларында – ақылы бөлімге түсу үшін (3 рет), ал негізгі ҰБТ мамыр мен шілде аралығында – грант конкурсына қатысу немесе ақылы бөлімге екінші мүмкіндікпен түсу үшін өткізіледі.