Қазақстанда жәбірленушіге жақындауға жол бермейтін жаңа жүйе сыналып жатыр

Енді жәбірленушіге жақындаған адам туралы полицияға дабыл түсуі мүмкін.

24 Қараша 2026, 17:34
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 24 Қараша 2026, 17:34
24 Қараша 2026, 17:34
65
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауы мүмкін адамдарды электрондық білезік арқылы бақылау тетігі сынақтан өткізіліп жатыр. Жүйе бақылаудағы адам мен жәбірленушінің арақашықтығы қауіпті деңгейге, яғни 20 метрге дейін қысқарған кезде полицияға автоматты түрде дабыл жіберуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың депутаттық сауалына жауап берген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ІІМ мәліметінше, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарды қайталаудың алдын алу және жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электрондық бақылау құралдарын (ЭБҚ) қолдану бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электрондық бақылау құралы пайдаланылуда. Олар бақылаудағы адамның орналасқан жерін анықтап, координаттарын ұялы байланыс желілері арқылы жібереді. Мониторинг платформасында орналасқан жер туралы мәліметтер екі минуттан аспайтын аралықпен жаңартылып отырады.

Жүйе адамның жүріп-тұруын қашықтан бақылауға, оған қатысты рұқсат етілген аумақ пен уақыт шектеулерін белгілеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ белгіленген аумақтан шығу, электрондық білезікті рұқсатсыз шешу, құрылғының бүтіндігін бұзу, аккумулятор зарядының төмендеуі немесе байланыс үзілуі автоматты түрде тіркеледі. Мұндай жағдайлар туралы полиция қызметкерлеріне хабарлама жіберіледі.

Жәбірленушіге 20 метрге жақындаса, полицияға дабыл түседі

Бұдан бөлек, ІІМ «КаР-Тел» ЖШС-мен бірлесіп, «Электрондық қорғау аймағы» тетігін техникалық сынақтан өткізіп жатыр.

Бұл жүйе бақылаудағы адам мен жәбірленушінің орналасқан жерін бір мезгілде анықтап, олардың бір-біріне қауіпті деңгейде жақындағанын автоматты түрде тіркеуге арналған.

Сынақ барысында арақашықтық 20 метрге дейін қысқарған кезде мониторинг платформасында дабыл хабарламасын қалыптастыру және оны полицияның жедел басқару орталығына жіберу мүмкіндіктері пысықталуда.

Жоба аясында Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстары пилоттық өңірлер ретінде белгіленген.

Электрондық білезікті тағу заңмен қалай реттеледі?

ІІМ пилоттық жобаны іске қосуға дайындық кезінде электрондық бақылау құралдарын қолданудың құқықтық негіздерін түсіндіруді сұрап, Жоғарғы Сотқа жүгінген.

Жоғарғы Сот Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға электрондық бақылау құралын тағу міндетін дербес шектеу ретінде жүктеу мүмкіндігі қарастырылмағанын атап өткен.

Ал ІІМ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңның 59-бабының 12-тармағына сәйкес, профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылау және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алу үшін электрондық бақылау құралдарын пайдалануға болатынын түсіндіреді.

Атап айтқанда, қорғау нұсқамасы шығарылған немесе мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдар профилактикалық есепке қойылады. Ішкі істер органдары оларға қатысты профилактикалық бақылау жүргізеді.

Осылайша, министрлік электрондық білезікті аталған адамдарға қатысты профилактикалық бақылаудың техникалық құралы ретінде қарастыруға болатынын айтады.

Жәбірленушінің телефонына арнайы қосымша орнату мәселесі де қарастырылып жатыр

ІІМ жәбірленушілердің мобильді құрылғыларында арнайы бағдарламалық қамтылымды пайдалану тәртібін де пысықтап жатыр. Бұл ретте жәбірленушінің келісімін алу, жеке деректері мен орналасқан жері туралы ақпаратты қорғау мәселелері қарастырылуда.

Сондай-ақ қауіпті жақындасу туралы дабыл түскен кезде полиция қызметкерлерінің әрекет ету тәртібі әзірленеді. Ол дабылды тіркеуді, полицияның жедел басқару орталығына жіберуді, жақын маңдағы жасақты оқиға орнына бағыттауды, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қабылданған шараларды цифрлық түрде тіркеуді қамтиды.

Пилоттық жоба аяқталған соң тетіктің техникалық және практикалық тиімділігі бағаланады. Бұл ретте полицияның әрекет ету уақыты, анықталған бұзушылықтар саны, қабылданған шаралар және жәбірленушілерге қатысты қайталанған зорлық-зомбылық фактілері ескеріледі.

ІІМ мәліметінше, электрондық бақылауды енгізу және «Электрондық қорғау аймағы» тетігін дамыту жұмыстары жалғасады.

Наверх