Қазақстанда турбизнесті субсидиялау көлемі ұлғайды

25 Желтоқсан 2023, 14:50
775
Бөлісу:
Қазақстанда турбизнесті субсидиялау көлемі ұлғайды
Фото: қазақтуризм

Қазақстанда туристік бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың басынан бері туризм саласын қолдаудың әртүрлі шараларына жалпы сомасы 760 млн теңгені құрайтын өтінімдер мақұлданды. Бұл 2022 жылғы пилоттық көрсеткіштен 7 есе көп. Былтыр қолдау шараларының жалпы сомасы 104,4 миллион теңге болған.

Мемлекет шетелдік туристер үшін туроператорлардың шығынын субсидиялап келеді. Туроператорға берілетін субсидия көлемі әр шетелдік туристке 15 мың теңге. 2023 жылы 3 600 шетелдік турист үшін жалпы сомасы 54 млн теңгенің өтінімі мақұлданды. Былтыр 6,3 млн теңгені (421 шетелдік турист) құраған болатын. Бір жылда субсидия көлемінің 8 есе өскенін көре аламыз, - деді

Табысты жүзеге асып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының бірі – Kids go Free бағдарламасы. 2023 жылы 13 туристік компания Kids go Free бойынша 920 турды жүзеге асырды. Сатылған турлардың құны балалар әуе билеттерінің құнын қоспағанда 458 млн теңгені құрады. 2 мыңға жуық бала үшін жалпы сомасы 89,4 млн теңгені құрайтын 920 өтінім мақұлданды. Осыншама бала ел ішінде тегін ұшты. 2022 жылы бұл бағдаралма аясында 1,5 мың бала тегін ұшып, мемлекет 76,2 млн теңге субсидиялаған болатын.

Kids go Free аясында қазақстандықтар Алакөл, Алматы және Маңғыстау бағытында көп саяхаттаған. Бағдарламаны кеңейту мақсатында тарихи-мәдени орындарға танымдық турлар, өңірлердегі қолөнер шеберлерімен шеберлік сабақтар және жоғары сынып оқушыларына топтық турлар, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту үшін балалар мен олардың бапкерлеріне сапарлар ұйымдастыру ұсынылады.

Мемлекет тау-шаңғы курорттарына сатып алынған құрал-жабдықтар мен техникалар құнының 25 пайызын өтейді. Былтыр ешқандай өтінім түспегенімен, 2023 жылы 2,8 млн теңге сомасында екі өтінім мақұлданды. Бұл да тау-шаңғы туризмін дамытуға оң ықпал етпек.

Биыл туристік автобустар алу шығындарын өтеу сомасы да айтарлықтай өскен. Елімізде кемінде сегіз адамдық туристерге арналған көліктер құнының 25 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Былтыр 10,6 млн теңге сомасында екі өтінім ғана мақұлданса, биыл алты өтінім (50 млн теңге) мақұлданды. Бұл былтырғы көрсеткіштен бес есе көп.

Қазақстанда жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының құрылысына кеткен шығынның 10 пайызы өтеледі. Былтыр мұндай бірде-бір өтінім келіп түспеген. Ал 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 355 млн теңгені құрайтын 10 өтінімді мақұлдады.

Жол бойындағы дәретханаларды ұстап тұруға берілетін ай сайынғы субсидия көлемі 83 300 мың теңге. Биыл санитарлық бекеттер саны 4 есе артты. 2023 жылы 86 өтінім мақұлданса, 2022 жылы 20 нысанды құраған болатын.

Сондай-ақ туристік нысандар құрылысы мен қайта құру шығындарының 10 пайызы өтеледі. Былтыр республикалық бюджеттен бір ғана өтінім мақұлданса, биыл жалпы сомасы 181,6 млн теңгені құрайтын 11 өтінім мақұлданған.

Қазақстанда 2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға жеткізу жоспарланған. Бұл көрсеткішке жету үшін туризм индустриясын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын таба береді.

Өзгелердің жаңалығы