Қазақстанда цифрлық таңбалау жүйесі 9 миллиардтан астам код қалыптастырды

Бұл мәселе Астанада өтіп жатқан Digital Tañba 2026 халықаралық форумында талқыланды. Қазіргі уақытта міндетті цифрлық таңбалау жеті тауар тобына енгізілген.

 pexels.com 21 Қараша 2026, 08:29
21 Қараша 2026, 08:29
126
Фото: pexels.com

Қазақстанда 2020 жылдан бері цифрлық таңбалау жүйесі арқылы 9 миллиардтан астам код жасалған. Ал жүйеге тіркелген тауар айналымына қатысушылардың саны 100 мыңнан асты. Бұл туралы BAQ.KZ ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл мәселе Астанада өтіп жатқан Digital Tañba 2026 халықаралық форумында талқыланды. Қазіргі уақытта міндетті цифрлық таңбалау жеті тауар тобына енгізілген.

Форумда цифрлық таңбалаудың басты мақсаты тек тауар қозғалысын бақылау емес, жиналған деректерді нарықты талдау, заңсыз айналымды анықтау және тұтынушылардың құқығын қорғау үшін пайдалану екені атап өтілді.

ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев цифрландырудың тиімділігі жүйеге енгізілген деректерді мемлекет қаншалықты дұрыс пайдалана алатынына байланысты екенін айтты.

Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жүйе әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге де көмектеседі. Мәселен, дәрі-дәрмектерді таңбалау арқылы азаматтарға тегін берілуі тиіс препараттардың дәріханаларда заңсыз сатылуын анықтауға болады. Ал киік мүйізінен алынатын өнімдерді таңбалау олардың заңды айналымын бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазақстандық экспорттаушылар үшін Ресейдің таңбалау кодтарын Қазақстанның цифрлық жүйесі арқылы алу мүмкіндігі жасалған. Бұл механизм 19 тауар тобын қамтиды және өнімді Ресей нарығына шығаруды жеңілдетеді.

Форумда кәсіпкерлер мен халықаралық компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға да қол қойылды.

Бұдан бөлек, азаматтар Naqty Ónim мобильді қосымшасы арқылы сатып алатын тауарлары туралы ақпаратты тексеріп, заңбұзушылықтар жөнінде хабарлай алады.

Министрліктің мәліметінше, цифрлық таңбалау жүйесін дамытудың келесі кезеңінде жиналған деректерді тиімді пайдалану, тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың сенімін арттыру басты назарда болады.

Наверх