Қазақстанда цифрлық деректер нарығы іске қосылды: Төрт платформа тіркелді 

Іс-шарада 12 шілдеден бастап күшіне енген Цифрлық кодекс аясында деректер нарығының қалай жұмыс істейтіні түсіндіріліп, алғашқы тіркелген платформалар таныстырылды.

 ©BAQ.KZ/Арман Мухатов 23 Шілде 2026, 13:05
23 Шілде 2026, 13:05
113
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Қазақстанда өңделген деректерді заңды түрде алмасуға және коммерцияландыруға арналған төрт платформа мемлекеттік тізілімге енгізілді. Бұл алаңдар бизнеске, мемлекеттік органдарға және ғалымдарға сапалы деректерді талдау, зерттеу және жаңа цифрлық өнімдер әзірлеу үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл туралы Астанада өткен «Деректер – ұлттық экономиканың активі» конференциясында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шарада 12 шілдеден бастап күшіне енген Цифрлық кодекс аясында деректер нарығының қалай жұмыс істейтіні түсіндіріліп, алғашқы тіркелген платформалар таныстырылды. Спикерлер деректердің қауіпсіздігі, жеке ақпаратты қорғау, жасанды интеллектіні дамыту және жаңа нарықтың бизнеске беретін мүмкіндіктері туралы айтты.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Стратегиялық жоспарлау және әдіснамалық үйлестіру департаментінің директоры Еркебұлан Иембердиев мобильді операторлардан алынған мәліметтер жеке азаматтарды бақылау үшін пайдаланылмайтынын атап өтті.

Мобильді операторлардың деректеріне қатысты айтар болсақ, біз жеке адамдардың қозғалысын немесе жүріс-тұрысын бақыламаймыз. Барлық ақпарат міндетті түрде дербес деректерді сәйкестендіруден ажырату рәсімінен өткеннен кейін ғана пайдаланылады. Соның негізінде әртүрлі аналитикалық кейстер жасалады. Мысалы, белгілі бір көшенің немесе ауданның көлік қозғалысы қаншалықты қарқынды екенін талдауға болады. Мұндай платформалар қала инфрақұрылымын тиімді жоспарлауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Еркебұлан Иембердиев.

Оның айтуынша, жасанды интеллект жүйелерінің тиімділігі пайдаланылатын деректердің сапасына тікелей байланысты.

Қазіргі таңда жасанды интеллект қарқынды дамып, көптеген салада қолданылып жатыр. Алайда ең бастысы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру. Жасанды интеллект өздігінен сапалы нәтиже бере алмайды. Ол үшін алдын ала дұрыс дайындалған, құрылымдалған әрі сапалы деректер қажет. Біз әзірлеп жатқан платформалар дәл осындай сенімді деректер қорын қалыптастырып, жасанды интеллект жүйелерінің тиімді жұмыс істеуіне негіз болады, – деді ол.

Жаңа платформалар пайдаланушыларға қажетті деректерді таңдап, нақты мәселелер бойынша талдау жасатуға мүмкіндік береді. Мұндай ақпаратқа бизнес өкілдері, студенттер, ғылыми және талдау институттары сұраныс білдіре алады.

Қазір дерек өте көп болғанымен, ең алдымен оның сапасын арттыру маңызды. Сапалы аналитикалық ақпаратқа қоғамның әртүрлі тобы мұқтаж. Алайда олар көбіне сапалы әрі толық деректердің жетіспеушілігіне тап болады. Жаңа платформа осы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, бизнес өкілдері өз қызметін жоспарлау үшін қажетті деректер мен талдауларға мақсатты түрде тапсырыс бере алады, – деді Еркебұлан Иембердиев.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев деректердің капитал, табиғи ресурстар және инфрақұрылым секілді стратегиялық ресурсқа айналғанын айтты.

Деректер жасанды интеллектінің, цифрлық сервистердің, заманауи басқарушылық шешімдер мен цифрлық экономиканың негізін құрайды. Сондықтан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің негізгі міндеттерінің бірі – оларды қауіпсіз пайдалану, алмасу және айналымға енгізудің түсінікті әрі ашық ережелерін қалыптастыру, – деді Мақсат Тұрлыбаев.

Бұған дейін Қазақстанда цифрлық деректер өнімдерін алмасу және олардың айналымына арналған платформалардың жұмысын реттейтін бірыңғай талаптар болмаған. Нарық қатысушылары арасындағы қарым-қатынас та кешенді түрде реттелмеді.

Цифрлық кодексте алғаш рет цифрлық деректер өнімінің ұғымы, оларды алмасу платформаларының құқықтық мәртебесі, уәкілетті органның өкілеттігі және деректер нарығының жұмыс істеу қағидаттары белгіленді.

Цифрлық деректер өнімі деп өңделген, жинақталған және әрі қарай пайдалануға жарамды ақпарат аталады. Ал арнайы платформалар осындай өнімдерді орналастыруға, іздеуге, алмасуға және коммерцияландыруға мүмкіндік береді.

Нарыққа платформалардың меншік иелері мен иеленушілері, деректер өнімдерін жеткізушілер және оларды пайдаланушылар қатысады. Тұтынушылар алынған ақпаратты цифрлық сервистер әзірлеу, ғылыми зерттеу жүргізу, талдау жасау және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қолдана алады.

Платформа жұмысын бастау үшін оның иесі электронды лицензиялау ақпараттық жүйесі арқылы хабарлама жіберуге тиіс. Одан кейін уәкілетті орган платформаның заң талаптарына сәйкестігін бақылайды. Талап бұзылған жағдайда оны жою туралы хабарлама беріледі.

Мақсат Тұрлыбаевтың мәліметінше, қазір мемлекеттік тізілімде цифрлық деректер өнімдерін алмасу және олардың айналымына арналған төрт платформа тіркелген. Конференцияда олардың алғашқы үшеуі таныстырылды.

MedHub платформасы ғылыми зерттеулер мен денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімдерді дамыту үшін иесіздендірілген медициналық деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Astana Data Exchange немесе ADX цифрлық деректер өнімдерін орналастыру, іздеу, алмасу және коммерцияландыруға арналған ұлттық алаң ретінде жұмыс істейді.

Kompra платформасы контрагенттерді тексеру, тәуекелдерді бағалау және басқарушылық шешім қабылдау кезінде цифрлық деректер өнімдерін қолдануға арналған.

Алғашқы платформалардың тіркелуі Цифрлық кодекс нормаларының іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанын көрсетеді. Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытуға, деректерді стратегиялық актив ретінде пайдалануға және жасанды интеллект негізіндегі жаңа сервистерді енгізуге мүмкіндік беретін ұлттық нарықтың алғашқы элементтері құрылды, – деді бюро басшысы.

Платформа иелері дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және жасалатын мәмілелердің заңдылығы жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті. Жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін өңделмеген деректерді айналымға шығаруға, оларды құқық иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға беруге және заңда көзделген жағдайларда Қазақстан аумағынан тыс жерде орналастыруға тыйым салынады.

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева деректердің сапасы азаматтар күнделікті пайдаланатын цифрлық құжаттардың дұрыс жұмыс істеуіне тікелей әсер ететінін айтты.

Біз қазір құжат толы әмиянды өзімізбен бірге алып жүрмей, қажетті мәліметті QR-код арқылы көрсете аламыз. Бірақ цифрлық құжат белгілі бір жерде дайын күйінде жатпайды. Ол құрылғыда да, „Ұлттық ақпараттық технологиялар“ акционерлік қоғамының дерекқорында да сақталмайды. Азамат цифрлық құжатына жүгінген кезде ол тиісті эталондық дерекқорлардағы мәліметтерден құрастырылады, – деді депутат.

Оның сөзінше, эталондық дерекқорлардың бірінде қате болса, цифрлық құжатты дұрыс қалыптастыру мүмкін болмайды.

Бүгінде цифрлық құжаттар заңдық күші жағынан қағаз нұсқасымен іс жүзінде теңестірілген. Бұл – адамның өміріндегі заңдық маңызы бар үдерістерге ықпал ететін үлкен жауапкершілік. Сондықтан әкімшілік деректерді реттеусіз қалдыруға немесе олардың сапасына талап қоймауға болмайды, – деді Екатерина Смышляева.

Қазір деректердің сапасына Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жауап береді. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпараттық жүйелерді қалыптастыру, деректерді қорғау және цифрлық үдерістерді ұйымдастырумен айналысады.

Бұл міндеттерді бөлу оңай болған жоқ. Талас пен пікір қайшылығы да кездеседі. Дегенмен біртіндеп әкімшілік деректердің сапасы жақсы деңгейге көтеріліп келеді. Қазір біз бұл мәліметтерді заңдық маңызы бар қызметтерде, құжаттарды көрсету және цифрлық ортадағы күнделікті тіршілікті қамтамасыз ету үшін пайдаланып отырмыз, – деді депутат.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин деректерді экономикалық актив ретінде бағалау киберқауіпсіздік пен сақтандыру нарығының дамуына әсер ететінін атап өтті.

Қазір деректер толыққанды актив ретінде бағаланбайды. Соның салдарынан ақпарат сыртқа тарап кеткен немесе бөтен адамның қолына түскен жағдайда келтірілген залалды есептеу қиын. Залал қаржылай өлшенеді. Ал деректің нақты құны болмаса, адамға келтірілген шығынды анықтау да күрделі. Сондықтан деректер нарығын қалыптастырып, олардың құнын белгілеу біз үшін өте маңызды, – деді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, деректердің құнын айқындау ақпараттың таралуы, жүйелердің бұзылуы және кибершабуылдардан туындайтын тәуекелдерді сақтандыруға мүмкіндік береді.

Біз тек деректер нарығын емес, оның айналасында үлкен экожүйе қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Бұл киберқауіпсіздікке, деректерді сақтандыруға және ақпараттың таралуынан туындайтын тәуекелдерді бағалауға ықпал етеді, – деді Ростислав Коняшкин.

Оның пікірінше, медициналық, ауыл шаруашылығы және болжам жасауға арналған иесіздендірілген деректерге халықаралық нарықта да сұраныс бар. Деректермен жұмыс істеуге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастырған ел мұндай цифрлық өнімдерді экспорттай алады.

Бастапқы кезеңде деректердің басым бөлігі мемлекеттен платформаларға, одан кейін жеке компаниялар мен стартаптарға беріледі. Сондықтан мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар берілген деректер үшін белгілі бір үлес немесе төлем алып, түскен қаражатты цифрлық өнімдер мен сервистерді дамытуға қайта инвестициялай алатын модель қалыптастыру маңызды, – деді бірінші вице-министр.

Наверх