«Астана Моторс» компаниялар тобы шығарылатын техника түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында компания төрағасы Нұрлан Смағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде кәсіпорында Hyundai маркалы жеңіл жүк көліктерінің толық желісі, Golden Dragon және BYD автобустары шығарылады. Биыл зауыт алғашқы 100 BYD автобусын өндіріп, пикап санатындағы автокөліктерді құрастыруды да іске қосты.
Алдағы уақытта JMC бренді негізінде жедел медициналық жәрдем көліктерін, сондай-ақ Volvo маркалы жүк көліктері мен ершікті тартқыштарды шығаруды жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, жедел жәрдем көліктері толық жетек жүйесімен (4WD) жабдықталады. Бұл жол қатынасы қиын өңірлер үшін өте маңызды, – деді Нұрлан Смағұлов.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда биыл 190 мың автокөлік шығару жоспарланып отырғаны туралы жаздық.