Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда тау-кен металлургиясы: жаңа технология, жасанды интеллект және экологиялық жауапкершілік

27 Тамыз 2025, 19:54
597
Бөлісу:
 Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов ТМК дамыту жөніндегі кеңесте экология, цифрландыру, жасанды интеллект енгізу және толық өндірістік циклге көшу міндеттерін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелері бойынша Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысының саланы дамыту жөнінде қойған міндеттерін жүзеге асыру барысы қаралды.

Жиында СО2 қалдықтарын азайту жөніндегі Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелер шеңберінде экологиялық жауапкершілік және көміртегі ізі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ТМК кәсіпорындары бүгінде барлығы бірдей сақтай бермейтін экологиялық стандарттарды ескеруі тиіс екенін атап өтті. 

Оның айтуынша, бірқатар кәсіпорын көміртегі ізі мен энергия тұтынуды азайту жобаларын жүзеге асыра отырып, таза технологияларға көшуді бастады, ал мемлекет өз кезегінде экологиялық шешімдерге инвестиция салатын компанияларға қолдау көрсетуге дайын.

Қазақстанда тау-кен металлургиясы: жаңа технология, жасанды интеллект және экологиялық жауапкершілік

Өз кезегінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов соңғы жылдары ТМК саласындағы мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы нақты нәтижелер бергенін мәлімдеді.

2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында саланың басымдықтары бекітілді, көмір химиясы және елішілік құндылық жөніндегі бастамалар қолдау тапты, жаңа Салық кодексіне ТМК бойынша түзетулер блогы енгізілді. Аталмыш қадамдар диалогтың жұмыс істейтінін растайды. Бұл ретте, ТМК секторындағы «Атамекен» жұмысы жаңа деңгейге шыққанын, атап айтқанда ТМК және елішілік құндылықты дамыту жөніндегі жобалық кеңсе құрылғанын, ол тек салалық қана емес, сонымен қатар, салааралық сараптама алаңына айналғанын атап өту маңызды. Осылайша, біз ірі бизнесті, шетелдік компаниялар мен ШОБ-ты ТМК-ға біріктірдік, - деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ отырысқа қатысушылар нарық сұраныстарын ескере отырып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) ынталандыру тетіктерін одан әрі жаңарту мәселесін талқылады.

Бүгінде саланы жалғасып жатқан цифрландыру контексіне орай Премьер-министр цифрлық шешімдер, жасанды интеллект енгізуді жеделдету қажеттігін атап өтті.

Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу үрдістерінің ашықтығына бақылауды күшейтуге және отандық өндірушілермен кооперацияны дамытуға баса назар аударылды. Осы мақсатта 1 шілдеден бастап тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға арналған мемлекеттік платформаның жаңғыртылған нұсқасы іске қосылды, бұл жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысын сәйкес, Олжас Бектенов саланы дамыту терең өңдеуге, технологияларды енгізуге, экологиялық жауапкершілікке негізделуі керектігін атап өтті. Бұл шикізат моделінен алшақтап, елде толық өндірістік циклді кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Өз тарапынан Үкімет бизнесті дамыту үшін қолдау және жағдай жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастыра бермек.

Премьер-министр айтылған барлық ұсыныс ТМК қызметінің тетіктерін жетілдіру жөніндегі алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Олжас Бектенов тау-кен металлургия саласы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы