Сонымен қатар екі өнім түрі бойынша да экспорт көрсеткіштері айтарлықтай артқан.
Төрт айда елімізде 13,8 мың тонна сары май өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4 пайызға көп. Осы кезеңде сары май экспорты 40,4 пайызға өсіп, 394,1 тоннаға жетті. Негізгі экспорттық нарықтар қатарында Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Беларусь бар.
Күнбағыс майы өндірісі де оң динамика көрсетті. Есепті кезеңде отандық кәсіпорындар 335,5 мың тонна өнім өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда 13,2 пайыздық өсімге қол жеткізді. Ал экспорт көлемі 49,6 пайызға артып, 353,8 мың тоннаны құрады. Қазақстандық күнбағыс майы негізінен Өзбекстан, Қытай, Ауғанстан, Тәжікстан және Иранға экспортталған.
Мамандардың мәліметінше, күнбағыс майының импорты 47,9 мың тоннаны құрап, ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 12,5 пайыз деңгейінде сақталды. Осы кезеңде ел ішінде 29,7 мың тонна күнбағыс майы өткізілді. Бұл көрсеткіштер отандық қайта өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді.