Қазақстанда IV санаттағы қуатты пиротехниканы, соның ішінде ірі фейерверктерді қолдануға ҚР Ішкі істер министрлігінің лицензиясы бар заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ІІМ-ге сілтеме жасап.
Бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар жергілікті әкімдіктен рұқсат алып, фейерверк атуды полициямен келісуі және іс-шара өтетін күннен кемінде 10 жұмыс күні бұрын өтініш беруі тиіс. Сонымен қатар фейерверктердің техникалық сипаттамасын, ұшыру орнының сызбасын және пиротехника тасымалданатын көлік туралы ақпаратты ұсыну қажет.
Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар көрермендер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, пиротехниканы қауіпсіз сақтау мен тасымалдауға, сондай-ақ ұшыру орнын аумақтық ішкі істер органдарымен бірлесіп күзетуді ұйымдастыруға міндетті.
Ережелерді бұзғаны үшін келесі айыппұлдар қарастырылған:
ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы — рұқсатсыз қызмет атқару;
ҚР ӘҚБтК-нің 483-бабы — пиротехниканы сақтау, есепке алу, тасымалдау немесе қолдану қағидаларын бұзу.
Полиция азаматтарға пиротехникалық өнімдерді тек мамандандырылған сауда орындарынан сатып алуды, оларды нұсқаулыққа сәйкес пайдалануды және тұрғын үйлердің, автокөліктердің, адамдар көп жиналатын орындардың маңында қолданбауды ескертеді.
Қауіпсіздік ережелерін сақтау жарақаттардың, өрттің және өзге де жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
ІІМ бұл талаптарды сақтау, әсіресе жаңа жыл мерекелері қарсаңында, жазатайым оқиғалар мен құқықбұзушылықтар қаупі артатын кезеңде аса маңызды екенін еске салады.