Қазақстанда құжаттағы ұлтты өзгертуге бола ма? – Сот маңызды шешім шығарды

Сот ұлтты өзгерту туралы өтінішті қарау кезінде тек ата-анасының деректерін ғана емес, өзге де мән-жайларды ескеруге болатынын көрсетті.

 ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков Бүгiн 2026, 17:36
Бүгiн 2026, 17:36
224
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков

Астанада құжаттағы ұлтты өзгерту мәселесіне қатысты іс қаралып, сот мемлекеттік органға өтінішті қосымша мән-жайларды ескере отырып қайта қарауды міндеттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Не болды?

Талапкер уәкілетті органның оның ұлтын өзгерту туралы өтінішінен бас тартуына байланысты сотқа жүгінген.

Оның айтуынша, шығу тегі бойынша өзі италиялық: әкесі – италиялық, анасы – орыс, ал әкесі жағынан әжесі – неміс. Ер адам ұлтын «неміс» деп өзгертуге өтініш берген, алайда оған бас тартылған.

Мемлекеттік орган қолданыстағы қағидаларға сүйеніп, құжаттағы ұлт ата-анасына қарай жазылатынын алға тартқан. Сонымен қатар, алдымен әкесінің ұлтын өзгерту ұсынылған.

Бұл шешіммен келіспеген талапкер сотқа жүгініп, неміс тілін меңгергенін, Германияда туыстары бар екенін және «кейінгі қоныс аударушылар» бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырғанын айтқан.

Сот не анықтады?

Істі қарау барысында сот талапкердің әжесінің шынымен неміс ұлтынан екенін құжаттармен расталғанын анықтады.

Сот сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының ұстанымын ескерді. Оған сәйкес, ұлтты анықтау тек ата-анасына қарап қана емес, басқа да жақын туыстар мен өмірлік жағдайларды негізге ала отырып белгіленуі мүмкін.

Нәтижесінде сот мемлекеттік органға өтінішті осы мән-жайларды ескере отырып қайта қарауды міндеттеді.

Қазіргі таңда шешім заңды күшіне енген жоқ.

Бұл нені білдіреді?

Соттың ұстанымы кейбір жағдайларда құжаттағы ұлтты өзгертуге болатынын көрсетеді. Яғни, бұл ретте адамның шығу тегі, отбасылық тарихы және өзге де мән-жайлар ескерілуі мүмкін, тек ата-анасының деректерімен шектелмейді.

Наверх