Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 4,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға көп. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
2025 жылдың қорытындысында елімізде 10,7 трлн теңгенің құрылыс жұмыстары орындалған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға артқан.
Саладағы өсім ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы және инвестициялық белсенділіктің артуымен байланысты. Қазір құрылыс секторы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 6%-ын құрайды.
Министрлік алдағы уақытта саланың дамуына жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуі серпін береді деп есептейді. Құжат құрылыс сапасы мен қауіпсіздығына бақылауды күшейтуді, цифрлық тетіктерді енгізуді және мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау жүйесін жетілдіруді көздейді.
Атап айтқанда, жаңа нормалар нысандарды пайдаланудың кепілдік мерзімін ұзартуды, жобалау кезінде сейсмикалық тәуекелдерді міндетті түрде ескеруді, құрылыс ұйымдарының қызметін цифрлық бақылауды және анықталған заңбұзушылықтарға жедел ден қоюды қарастырады.
Сонымен қатар Қазақстан отандық құрылыс материалдарының өндірісін ұлғайтып келеді. Қазір ішкі нарықтағы жергілікті өндірушілердің үлесі 70%-дан асады. Саланың қажеттілігін 3 мыңнан астам кәсіпорын қамтамасыз етіп отыр.
2026 жылы құрылыс материалдарын өндіру бағытында жалпы құны 202,2 млрд теңге болатын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде Қазақстанның құрылыс саласында 380 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың қатарында құрылысшылар, сәулетшілер, жобалаушылар, инженерлер және басқа да мамандар бар.
Ведомствоның пікірінше, кадрлық әлеует пен технологияларды дамыту, сондай-ақ құрылыс сапасына қойылатын талаптарды күшейту саланың жоғары өсу қарқынын сақтап, ел инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік береді.