Қазақстанда құрастырылған көліктер Еуропа нарығына шығуы мүмкін

Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Мәжіліс кулуарында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Қазақстанда өндірілген автокөліктерді шетелге экспорттау жоспары туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір қазақстандық көліктерді Еуропа елдеріне жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің сөзінше, отандық автокөлік өндірісі экспортқа шығуға дайын.

Бұл мәселе талқыланып жатыр. Өндіріс бар, көліктер шығарылып жатыр. Экспортқа шығару жоспарда бар, – деді ол.

Журналистердің нақты қай елдерге экспорттау көзделіп отырғаны жөніндегі сұрағына Олжас Сапарбеков келіссөздер жүріп жатқанын, бірақ елдердің атын әзірге жариялау мүмкін емес екенін айтты.

Қазір Еуропалық одақ елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазір кейбір өндіріс орындары еуропалық мемлекеттермен байланыс орнатқан, – деді ол.

Сонымен қатар вице-министр келіссөздердің ерте кезеңде екенін және бәсекелестікке байланысты нақты елдерді атауға әлі болмайтынын жеткізді.

Қазір бұл мәселелерді жариялау ертерек. Себебі экспортқа қызығушылық танытып отырған басқа да елдер бар, олар бізден озып кетуі мүмкін, – деп түсіндірді.

Оның айтуынша, Қазақстан тек Еуропамен ғана емес, өзге де мемлекеттермен автокөлік экспорттау бағытында келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда қандай елдер екені әзірге нақтыланбайды.

Журналистердің «Қазақстанда құрастырылған көліктер Еуропаға шығарылады деп айта аламыз ба?» деген сұрағына Олжас Сапарбеков:

Мұны қарастыруға болады. Нақты экспорт басталған кезде айтамыз. Қазір әрбір елмен келіссөз жүріп жатыр, – деп жауап берді.

Вице-министр келіссөздердің нәтижесі 2026 жылы белгілі болуы мүмкін екенін айтып, «тырысамыз, биыл нәтижесін көруге үміттіміз» деді.

Өзгелердің жаңалығы