Қазақстанда құқық қорғау қызметіне қабылдау талабы күшейтіледі

9 Ақпан 2022, 15:49
2719
Бөлісу:
Қазақстанда құқық қорғау қызметіне қабылдау талабы күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша заң жобасын таныстырды.

Тәуелсіздік жылдары еліміздің құқық қорғау жүйесі қалыптастып, реформалар жасалды. 2011 жылы құқық қорғау қызметі туралы арнайы заң қабылданды. Бұл заң аясында қызметкерлерді әлеуметтік, құқықтық және өзге қамтамасыз ету мәселелері бір жүйеге келтірілді. Ортақ стандарттар бекітілді. Десе де әлі де реттеуді қажет ететін мәселелер бар, - деп айтты Әсет Шындалиев.

Ол қандай мәселе әлі реттелмегеніне тоқталды.

Атап айтқанда, барлық орган үшін кадрлық процесті, қызметкерлерге қойылатын талаптарды бірдей ету керек. Оның ішінде қызметкерлерді көтермелеу, жаза қолдану, атақ-шендер беру, арнайы органдардан ауысу, аттестациялау және жұмысын бағалау мәселелері. Осыларды реттеу мақсатында заң жобасы әзірленді, - дейді Бас прокурордың орынбасары.

Шындалиев заң жобасы нені көздейтініне тоқталды.

Бірінші мәселе – қызметке қабылдау тәртібін оңтайландыру. 2019 жылы депутаттардың қолдауымен заңға түзетулер жасалып, төменгі лауазымдарға кадрлар дайындаудың жаңа тәртібі енгізілді. Қазір төменгі қызметтерге алу үшін жас мамандар міндетті түрде құқық қорғау академияларын бітіруі тиіс. Ал енді орта және жоғары лауазымдарға құқық қорғау және арнайы органдарда, мемлекеттік және әскери қызметте бұрын болғандар, судьялар қабылданады. Олар конкурс арқылы және конкурстан тыс тәртіпте қызметке алынады, - деп атап өтті ол.

Конкурс арқылы негізінен аға басшысы құрамдарға жеткілікті тәжірибесі бар адамдар тағайындалады. Оларды тағылымдамадан өткізудің қажеті аз. Сол себепті заң жобасы конкурс бойынша тағайындалған кандидаттар үшін тағылымдаманы алып тастауды ұсынады. Ал арнайы тексеруден конкурстан соң өтеді. Бұл түзетулер қызметке қабылдау процесін тездету, қажет мамандарды жұмысқа алуды жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Қазір конкурстан тыс облыстық құқық қорғау органдарының бастықтары қабылдаса, енді тек орталық орган басшысы ғана қабылдайды. Қабылдау талаптары да күшейтіледі. Енді қызметке алу үшін 3 жыл стаж керек болады. Ал әскерде қатардағы солдат болғандар жалпы негізде қабылданады. Күштік органдарға жұмыс істеп жүрген қызметкерлер құқық қорғау саласына ауысу арқылы қабылданады, - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары Мәжілісте.

Сөзінше, бүгінгі күні олар арнайы тексеруден, әскери дәрігерлік комиссиядан, полиграфтан, тестіден өткен соң ғана қабылданады. Енді бұл талаптар алып тасталынады.

Өзгелердің жаңалығы