Қарағанды облысында қазақы жылқы тұқымын асылдандыру, отандық селекцияны дамыту және бағалы генетикалық қорды сақтау мәселелері талқыланды. Басқосуда Орталық Қазақстанның табынды жылқы шаруашылығы қауымдастығын құру бастамасы көтерілді.
Қарағанды облысының Шет ауданындағы «Шолақ еспе» жылқы зауытында табынды жылқы шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми-практикалық семинар өтті. Жиынға еліміздің әр өңірінен жылқы шаруашылықтарының басшылары, селекционер-ғалымдар, ветеринария мамандары мен сала өкілдері қатысты.
Семинар барысында қазақы жылқының асыл тұқымдық қасиеттерін жетілдіру, ұлттық мал шаруашылығы дәстүрін ғылыммен ұштастыру және отандық селекцияның әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Қожамберді типіндегі жылқылардың салмағы 560 келіге дейін жетеді
Шаруашылықтың практикалық жұмысымен танысу кезінде қатысушылар «Мұғалжар» тұқымын және оның негізінде қалыптасқан «Қожамберді» типіндегі жылқыларды көрді. Мамандар малдың сыртқы бітімін бағалап, бойы мен салмағын өлшеді.
«Шолақ еспе» жылқы зауытының көпжылдық селекциялық жұмысының нәтижесінде мұндағы жылқылардың тірідей салмағы 540-560 келіге дейін жеткен. Шаруашылықта қазіргі уақытта 4 мыңнан астам жылқы бар.
Өнімді жылқы тұқымдарының республикалық палатасының жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, жылқытанушы ғалым Дәурен Сыдықовтың айтуынша, Қазақстанда асыл тұқымды жылқылардың үлесі әлі де төмен. Сондықтан озық шаруашылықтардың тәжірибесін таратып, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүйелі дамыту маңызды.
Ғалым семинардың негізгі мақсаты осындай шаруашылықтардың тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі ету және отандық жылқы шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру екенін атап өтті.
Жылқы тұқымын жетілдіру жұмысы бірнеше буыннан бері жалғасып келеді
«Шолақ еспе» жылқы зауытының директоры Мұрат Қожамбердиннің сөзінше, шаруашылықта жылқыны асылдандыру жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бұл істің іргесін әкем алғашында «Маупас» және «Мескер» желілерінен бастаған еді. Кейін біз бұл бағытты жалғастырып, «Мерген», «Миман», «Майбас» және «Сарайғыр» атауларымен белгілі мықты айғырлардың тұқымын өсіруді қолға алдық. Қыстың қатаң, аязды жағдайына төзімді асыл тұқымды жылқыларымыз бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне таралып жатыр, – дейді ол.
Шаруашылықта әр жылқының тегі мен ұрпақтық ерекшеліктері мұқият зерттеледі. Үйірге қосылатын айғырларды таңдау кезінде де қатаң талаптар қойылады. Атап айтқанда, құнан кезінде салмағы 450 келіге жеткен жылқылар ғана болашақ өндіруші айғыр ретінде іріктеледі.
Жүргізілген селекциялық жұмыстың нәтижесінде 1991 жылы жылқылар «Сарыарқа типі» атауымен сынақтан өткен. Кейіннен осы бағытта «Қожамберді» типі қалыптасты.
Бастапқыда аналық жылқылардың тірідей салмағы шамамен 330 келі, ал айғырлардыкі 400-420 келі болған. Жүйелі сұрыптау нәтижесінде бұл көрсеткіш едәуір артып, қазіргі таңда 540-560 келіге жеткен.
Мұрат Қожамбердиннің айтуынша, алдағы мақсат – жылқылардың қол жеткізген салмақ көрсеткіштері мен асыл тұқымдық қасиеттерін сақтап, «Қожамберді» типін Қазақстанның барлық өңіріне кеңінен тарату.
Жылқы өсірушілердің басын қосатын қауымдастық құрылуы мүмкін
Семинардың маңызды нәтижелерінің бірі – Орталық Қазақстанның табынды жылқы шаруашылығы қауымдастығын құру бастамасының көтерілуі.
Жаңа ұйым өңірдегі жылқы өсірушілердің күш-жігерін біріктіріп, селекциялық жұмыстарды үйлестіруге, асыл тұқымды малдың генетикалық әлеуетін сақтауға және шаруашылықтар арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталмақ.
Қауымдастықтың құрылуы отандық жылқы шаруашылығын жүйелі дамытуға, ұлттық жылқы тұқымдарының құнды қасиеттерін сақтауға және оларды елімізде кеңінен таратуға мүмкіндік береді деп күтіледі.