Қазақстанда қай өңірлерде су тасқыны болуы мүмкін: ТЖМ қауіпті аймақтарды атады

ТЖМ дайындық барысы туралы да айтты.

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 13:56
Бүгiн 2026, 13:56
223
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Қазақстандағы су тасқыны болу қаупі бар өңірлер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Барлығы қар жамылғысына, топырақтың қату деңгейіне байланысты. Біз қауіп аймақтарын анықтадық, бірақ елді мекендерді су басып кетпеуі үшін барлық шара қабылданады. Менің ойымша, 2026 жылғы тасқын кезеңі өткен соң кімнің дайын болғаны, кімнің дайын болмағаны белгілі болады. Қазіргі таңда барлығының әрекет етуге дайындығы бар, – деді вице-министр Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.

Журналистер сондай-ақ Астанаға қатысты ТЖМ болжамы туралы нақтылауды сұрады. Вице-министрдің айтуынша, елордада су тасқыны қаупі жоқ.

Қар қарқынды еріген немесе жаңбыр жауған кезеңде, әрине, кейбір қиылыстарда су жиналады. Коммуналдық қызметтер жедел әрекет етеді, біздің күштер мен құралдар да қолдау көрсетеді, – деп жауап берді Кеген Тұрсынбаев.

Вице-министрдің сөзінше, жалпы бес өңір қауіп аймағында тұр.

Бұл – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Абай облысы. Біз жағдайды күн сайын бақылап отырмыз. 1 наурыздан бастап командалық орталық базасында тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб жұмыс істеп тұр. Сондықтан барлық алдын алу шаралары әкімдіктермен бірлесіп қабылданды. Тиісті инженерлік жұмыстар жүргізілді. Елді мекендерге қауіп жоқ, жағдай бақылауда. Біздің күштер мен құралдар дайын, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол биыл жалпы уәкілетті органдар су тасқынына «100 пайыз» дайын деп отыр. Дегенмен жоғарыда аталған өңірлерде су басу қаупін толық жоққа шығармады.

Наверх