Қазақстанда қай мамандықтарға грант көп бөлінетіні белгілі болды

2026-2027 оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, басымдық техникалық және педагогикалық бағыттарға берілді.

Бүгiн 2026, 13:26
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 13:26
Бүгiн 2026, 13:26
117
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының саны бекітілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылдардың деңгейінде сақталады.

Жалпы 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінген.

Оның ішінде:

  • 75 371 грант – бакалавриатқа;
  • 11 007 грант – магистратураға;
  • 3 079 грант – докторантураға арналған.

Мемлекеттік тапсырыс көлемі ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрлық қажеттілігіне сәйкес қалыптастырылған, – деді Саясат Нұрбек.

Болжам бойынша, алдағы жылдары Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады.

Оның ішінде:

  • шамамен 530 мың инженерлік кадр;
  • 185 мыңнан астам педагог;
  • 168 мыңға жуық басқа сала мамандары қажет екені айтылды.

Осыған байланысты гранттарды бөлуде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілген.

Министрдің мәліметінше, барлық гранттың:

  • 60 пайызы инженерлік-техникалық, IT және ауыл шаруашылығы мамандықтарына;
  • 21 пайызы педагогикалық кадрларды даярлауға бағытталған.

Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның тапсырмасымен биыл еліміздің барлық өңірінде ауқымды сауалнама жүргізілген.

Зерттеу барысында 73 мыңнан астам кәсіпорындағы кадр тапшылығы, қызметкерлердің жас ерекшелігі және жас мамандардың орнығу деңгейі талданған.

Бүгінде мемлекеттік тапсырыс тек білім беруді қаржыландыру тетігі ғана емес, кадрлық саясат пен экономикалық дамудың маңызды құралына айналып отыр, – деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2026 жылы талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестін екі рет тапсыра алады. Биыл тестілеуге 239 мыңнан астам адам өтініш берген.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда ҰБТ-2026 басталды: Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады 

Наверх